Жұмаға қатысты бірнеше сұрақ
Жұмаға қатысты бірнеше сұрақ
7 жыл бұрын 9035

-Бейсенбі күні жуынған болса, онысы жұма күнгі сүннет ғұсылға есептеле ме?

-Бір хадисте: "Жұма күні дәрет алғанның ісі керемет. Ғұсыл құйынуы одан да жақсы", - делінген. Осы хадистегі "жұма күні" сөзін жұманың күндізі деп түсінер болсақ, «сүннет ғұсылды» жұма күні және жұма намазға дейінгі уақыттарда алған абзал. Жұманың күндізі таң атысымен басталады.

- Жұма – бейсенбінің кешінен басталмай ма?

- Бейсенбінің кешінен - жұманың түні басталады.

- Жұмаға бармаған адам бесінді жұма намазы аяқталғаннан соң оқуы керек пе?

- Әлдебір кедергілер себепті жұмаға бара алмаған кісі, бесінді жұма оқылып болғаннан соң оқығандығы абзал. Дегенмен, оған дейін кешеуілдеткен жағдайда бесін де қаза болып кетуінен қорықса, уақыт кірісімен оқи беруіне  болады.

-Ондайда бесінді жамағатпен оқи ма?

- Ондайда бесін жеке-жеке оқылады. Жамағатпен оқу – мәкруһ.

- Бұл үкім (жамағатпен оқымау) жұмаға бармағанның бәріне қатысы бар ма?

- Қала не қала үкіміндегі елді-мекендердегілерге қатысты. Әзіреті Әли «Жұма күні жұма намазын оқу парыз болған мекенде адамдар бесін намазын жамағатпен оқымайды», - деген. (Кәнзуль Уммәл). Осыған қарағанда, жұма шартына сай келмегендіктен жұма намазы оқылмайтын шағын ауылдарда бесінді жамағатпен оқуға болады.

- Жұма намазын оқып болғаннан соң «зухри ахир» оқу шарт па?

- Шарт емес. Мұстахаб амалға жатады. Оқыса артық етпейді.

- Жұма күні қарыз оразаны ұстауға бола ма?

- Болады. Хадисте: «Сендер сенбі күні ораза ұстамаңдар, бірақ парыз етілген ораза болса, ол басқа...», - делінген. (Ибн Мәжә). Осы хадиске қарағанда сенбі не жұма күндері қаза оразаны өтеу мәкруһ емес. 

Абдусамат Қасым