Жұма намазын оқи алмаған кісі бесін намазын оқи ма? Оған қандай уәжіңіз бар?
Жұма намазын оқи алмаған кісі бесін намазын оқи ма? Оған қандай уәжіңіз бар?
10 жыл бұрын 28152

Ассалаумағалейкум! Менің сұрағым келгені: Жұма намазын оқи алмай қалған жағдайда, оны бесін намазы қылып оқуға бола ма? "Жұма парыз. Егер оған қатыса алмасаң, ол күні бесін оқылмайды" дейтіндерге не уәж айтар едіңіздер? Нағашыбай Қабылбек.

Уағалейкум əссəлəм! Ханафи мәзхабы бойынша, белгілі себептерге байланысты жұма намазына бара алмаған кісі бесін намазын оқиды. Өйткені, сол уақыттағы негізгі парыз намаз, ол - бесін намазы. Бірақ, аптасына бір рет оның орнына "жұма намазын" оқу бұйырылды. Жұма намазын оқу мүмкіндігі болмай қалған жағдайда, бесін намазын оқу міндеті қайта жүктеледі. Мысалы, жолаушыға жұма намазы парыз емес, бірақ, бесін намазын оқиды. Әйел кісіге жұма намазына бару парыз емес, бірақ, бесін намазын оқуы керек.

«Кәнзуль Ъуммәл» атты хадистер жинағында, Әзіреті Әлидің мынадай бір сөзі келтірілген. Ардақты сахаба былай дейді: «Жұма күні жұма намазын оқу парыз болған мекенде адамдар бесін намазын жамағатпен оқымайды»[1]

Әзіреті Әлидің осы бір сөзінен "жұма намазын оқи алмаған кісі бесін намазын оқиды, бірақ, жамағатпен емес, жалғыз оқиды" деген үкімді байқауға болады.


[1] Алә’уддин Али әл-Муттақи ибн Хисамуддин әл-Һинди, «Кәнзуль Ъуммәл», №23309 хадис.