«Жұма мүбәрак болсын» деу бидғат па?
«Жұма мүбәрак болсын» деу бидғат па?
11 жыл бұрын 11578

Сәләметсіз бе? Қызметтес достарымның өтінішімен сіздерге сауал жолдап отырмын. Сұрайын дегенім, соңғы кездері «Жұма мүбәрак болсын» деп айту бидғат» деп жүрген кейбір намазхандарды кездестіреміз. Осы мәселеге қатысты шариғат не дейді? Тарқатып айтып берсеңіз! Жәмилә Сатыбаева.

Сәлеметсіз бе! Қадірменді Жәмилә, әуелі мынаны айта кету керек, дінімізге теріс келмейтін, оның жалпылама принциптерімен ұштасатын ұнамды дүниелерді «бидғат» деу бекершілік.

Сұрағыңызға келер болсақ, бұл мәселені бірнеше қырынан талқылауға болады:

1.Апта күндерінің ішінде жұма күні мұсылмандар үшін ерекше мейрам. Өйткені, Пайғамбарымыз асыл сөздерінің бірінде жұманың мейрам екенін айтып өткен:

  •  «Шынында, мына күн  Алланың мұсылмандарға арнаған мейрам күні. Жұмаға келетін кісі жуынып, иіссуы болса, себініп келсін. (Сондай-ақ) Мисуакты қолдануға аса мән беріңдер!»[1]

Ал, мейрам күндері мұсылмандар бір-бірін құттықтап, жақсы тілектер білдіріп жатуы  сахабалардың салып кеткен сара жолдарының бірі. Себебі, айт күндері сахабалар бір-бірін құттықтап, тілек білдіретін болған. Фатхуль Бәри атты кітапта көрсетілген бір риуаятта табиғин ғалым Жәбир ибн Нүфәйр былай дейді:

  •  «Сахабалар айт күні бір-бірімен жүздесе қалған сәтте “Алла баршамыздың ниеттерімізді қабыл етсін!” дейтін»[2].

Ендеше, жұма күнімен құттықтап, тілек білдіру де ұнамды іс. Ал, іштегі жақсы тілектерін білдіру үшін қолданатын сөз тіркестері жергілікті халықтың әдет-ғұрпына қарай әр түрлі болуы мүмкін. Сондықтан да, жаппай мұсылмандар арасында дағдыға айналған «Жұма мүбәрак болсын» деген тілекті бидғат деп тыйғаннан көрі, көбірек айта түскен жөн болады.

2.«Жұма мүбәрак болсын», «жұма құтты болсын» деген тілектер – мұсылмандардың діндес бауырларына деген ізгі тілегі. Бір мұсылманның өзгеге жақсы тілекте болуы және оған дұға етуі дініміздің баса мән беріп, назар аудартқан дүниесі. Ол жайында бірнеше хадистер мен аяттар бар. Айталық, Құран Кәрімнің Хашр сүресінде былай делінген:

  •  «Олардан кейін келген (мүминдер де): “Уа Раббымыз! Бізді, әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр. Және иман келтіргендер үшін жүрегімізде кірбің қалдырма. Раббымыз, шынында, Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің”, – дейді»[3]

Сондай-ақ, Сахих Муслимде келген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандарды бір-біріне жақсылық тілеп, Алладан дұға сұрауларын жөн санайды:

  • «Бір мұсылманның дін бауырына, оның хабарынсыз, артынан еткен қайырлы дұғалары қабыл болады. Ол дұға еткен сайын, басы-қасында тұрған өкілетті бір періште: “Әмин! Бауырың  үшін сұрағаның саған да берілсін” дейді...»[4].

Алла Елшісінің осы хадисінде «қайырлы дұғалары» деп жалпылама айтып өткендіктен, бұл хадистің саясына барлық дұға мен тілек атаулары кіріп кетеді. Ал, оның ішінде кейбір тілектерді мынау «бидғат» деп бөліп-жару қателік, бұл әрекет пайғамбарымыздың әлгі жалпылама айтқан сөзіне кереғар.

«Жұма күні құт- береке алып келсін», «жұмаңыз берекелі болсын», «жұмаңыз қабыл болсын» деген тілектердің бәрі өзгелерге Алладан тілеген дұғалары.

3.Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бірнеше хадистерінде адамдар арасында «сәлемді» жаюға шақырған.  Ол (с.а.у) бір сөзінде:

  • «Сәлемдесуді жайыңдар, тамақтандырыңдар және Алла әмір еткендей бір-біріңе бауыр болыңдар!»[5],– дейді.

Осы хадиске үңілсек ,«әс-Сәләму ъалейкумАлланың сендерге есендігі болсын» деген тілекті әрдайым өз арамызда айтып жүруімізді меңзеген. Сәлемдесу арқылы өзгеге есендік тілеу, хадисте  айтылғандай, өзара бауырмалдылық пен достықты арттырады.

Ендеше, сол мақсатқа (достық пен бауырмалдылыққа) жетелейтін «Жұма құтты болсын» деген сияқты тілектерді неге айтпасқа?! 

Қорытындылай келе айтарымыз, мұсылмандардың бір-біріне дұға етіп, жақсы тілектерді тілеулері  ұнамды әрекет екендігін, дініміздің үнемі насихаттайтын ісі екендігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ал, «Жұма мүбәрак болсын» деген тілек Пайғамбарымыздың уақытында болмағанымен, Оның (с.а.у) әрдайым достық пен бауырмалдылыққа шақыратын жолдарының бірі.

 

[1]Ибн Мәжә, Китәбу иқамәтис Сала – №1098 хадис.
[2]Фатхуль Бәри, Китабуль ъидайн, №908 хадис түсіндірмесі.
[3]Хашр сүресі – №10 аят.; Мұхаммед сүресі – №19 аят.; Ибраһим сүресі – №41 аят.
[4]Сахих Муслим, Китабуз зикр – №(2733) 4914 хадис.
[5]Ибн Мәжә, Китабуль Атғыма – №3252 хадис.

Абдусамат Қасым