Жұма күні уағыз айтылып жатқан тұста сәлем намазын оқудың үкімі қалай?
Жұма күні уағыз айтылып жатқан тұста сәлем намазын оқудың үкімі қалай?
7 жыл бұрын 16083

Әссәләму алейкум! Жұма намазын да уағыз жүріп жатқан сәтте сәлем намазының үкімі қалай болмақ? Батырбек

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жұма күні мешіттерде азан шақырылмастан бұрын уағыз айту әдеті қалыптасқан. Уағыздарда Құран аяттары мен хадис шәрифтерден дәйексөздер келтіріліп жататындықтан уағызды тыңдаған дұрыс. Дегенмен, оны тыңдау «кифая» категориясына жатады деген пікірдемін. Бұл дегеніміз, уағыз айтылып жатқан жерде тыңдаушылыр табылса, өзгелердің мойнынан «тыңдау» міндеті түседі. Осыған орай, уағыз айтылу барысында әлдебір мұсылман мешіт ақысын (сәлем намазы) оқитын болса, онысы күнә емес. Тек, зәуәл уақыты аяқталып, намаз уақыты кіргендігіне сенімді болғаны жөн. Өйткені, зәуәл уақытында нәпіл намаз оқу мәкруһ.

Одан бөлек, уағыз айтылып жатқан тұста өзара әңгіме-дүкен құрып, жырқылдасып т.б. оғаш қылықтар жасап отыру – мәкруһ әрі әдепке теріс. Алланың үйінде, әсіресе уағыз-насихат жүргізіліп жатқан тұста ондай қылыққа жол жоқ.  

Осы орайда айта кету керек, жұманың құтпасы оқылып жатқанда ешқандай намаз оқылмайды. Тіпті, кешігіп келген кісі дәл құтпа оқылу сәтіне тура келген болса, жұманың алдыңғы төрт рәкәғат сүннетін оқымай, оны парыздан кейінге қалдырып, құтпаны тыңдауы ләзім.  

Абдусамат Қасым