Жолаушының намазына қатысты 4 сұрақ!
Жолаушының намазына қатысты 4 сұрақ!
10 жыл бұрын 10843

Ассалаумағалейкум! Сапардағы намаз жайлы бірнеше сұрағым бар.

1) 200 шақырымдай жерге ниет етіп шыққан адам, қай кезден бастап жолаушы үкіміне кіріп, намазын қысқартып оқуы керек?

2) Автобуста келе жатқанда жолда әжетханаға кіреміз. Ол жерде аяқ киімге нәжіс тиюі әбден мүмкін. Ондай адам, көлікте намазын отырып оқығанда аяқ киімін шешуі керек пе?

3) Барған қаладағы мешітте имамға ұйығанда, намазын толық оқитыны бегілі. Бірақ, мешітке кіргенде жамағат намазды бастап кетті делік. Кейіннен, жолаушы адам намаздың 2-ші немесе 3-ші ракағатқа үлгерсе,  ол намазды 4 ракағатқа толтырып оқи ма?

4) Қайтып келе жатқан кезде өзінің тұрғылықты қаласына 10 шақты шақырым қалды делік. Қалаға кірем дегенше намаз уақыты өтіп кетуі мүмкін. Сол кезде намазды қысқартып оқуы керек пе? Қай жерге дейін жолаушы үкімінде болады? Назар аударғаныңызға рахмет. Қонысбек.

Уағалейкум әссәләм, Қонысбек!  Сұрақтарыңызға жеке-жеке тоқталайық.

-200 шақырымдай жерге ниет етіп шыққан адам, қай кезден бастап жолаушы үкіміне кіріп, намазын қысқартып оқуы керек?

-Ол адам тұрғылықты елді-мекенінің аймағынан асқаннан бастап жолаушы үкіміне кіреді. (Фәтхул Ъиная – 1/376 бет.). Ибн Әби Шәйбәнің «Мусаннаф» атты хадистер жинағында келтірілген бір деректе, Әзіреті Әли Басра қаласынан шыға берісте бесін намазын төрт рәкәғат етіп оқиды. Намаздан кейін: «Егер біз мына бір қорадан асқанымызда, бесінді қысқартып оқитын едік», - деген екен.

- Автобуста келе жатқанда жолда әжетханаға кіреміз. Ол жерде аяқ киімге нәжіс жағылуы әбден мүмкін. Ондай адам, көлікте намазын отырып оқығанда аяқ киімін шешуі керек пе?

яқ-киімге нәжіс жағылған жағдайда (мысалы, алақан аясындай көлемде зәр), оны жуып тазалау керек. Тазалауға мүмкіндік болмаса, аяқ-киімді шешіп оқисыз. Сахаба Әбу Сағид әл-Худриден жеткен бір хадисте былай делінген: «Бірде Пайғамбарымыз сахабалармен бірге намаз оқып тұрып аяқ киімін шешіп сол жағына қойды. Оны көрген жамағат та аяқ киімдерін шешті. Алла елшісі (с.а.у.) намазын бітірген соң: «Сендер неліктен аяқ киімдеріңді шештіңдер?» - деп сұрады. Олар: «Сіз шешкен соң біз де шештік», -дейді. Сонда Алла елшісі: «Намазда маған Жәбірейіл келіп, аяқ киімімде нәжіс барын ескертті. Қайсы біреуің мешітке келсеңдер, аяқ киімдеріңе мұқият қараңдар. Нәжіс көрсеңдер, сүртіп, тазалап барып намаз оқыңдар» - деп табыстаған [Әбу Дәуід - №650 хадис.].  

- Барған қаладағы мешітте имамға ұйығанда, намазын толық оқитыны бегілі. Бірақ, мешітке кіргенде жамағат намазды бастап кетті делік. Кейіннен, жолаушы адам намаздың 2-ші немесе 3-ші ракағатқа үлгерсе,  ол намазды 4 ракағатқа толтырып оқи ма?

- Жолаушы адам, уақытылы намаздарда жолаушы емес имамға ұйығаннан кейін, намазды қысқартпай толық оқуы тиіс. Сондықтан, 2-ші немесе 3-ші ракағатқа кешігіп келіп ұйыған жолаушы, имам сәлем бергеннен кейін тұрып, төртке тәмәмдайды. Аллаһу әъләм!

- Қайтып келе жатқан кезде өзінің тұрғылықты қаласына 10 шақты шақырым қалды делік. Қалаға кірем дегенше намаз уақыты өтіп кетуі мүмкін. Сол кезде намазды қысқартып оқуы керек пе? Қай жерге дейін жолаушы үкімінде болады?

-Тұрғылықты елді-мекенінің аймағына кіргенге шейін жолаушы үкімінен шықпайды.(әл-Фәтәуә әл-Һиндия). Сондықтан да, әлгі кісі (200 шақырымға ниет еткен кісі, қайтып келе жатып) тұратын қаласынан 10 шақырымдай ұзақ жерде намазын оқитын болса, қысқартып оқиды. 

 
 
Абдусамат Қасым