Жолаушы кезде екі намазды қосып оқуға бола ма?
Жолаушы кезде екі намазды қосып оқуға бола ма?
3 жыл бұрын 8868

Ассаламу алейкум! Есімім Нұрлыбек. Сапар кезінде бесін намазы мен аср намазын қосып оқуға болама?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жолаушы кісіге екі намазды қосып оқуына болмайды. Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (радияллаһу анһ) былай деген: «Одан басқа құдай жоқ болғанға ант етейін, Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тек Арафатта бесін мен асырды және ақшам мен құптанды қосып оқыды, (қалған уақыттарда) намазды тек қана уақытында оқитын»[1].

Жолаушы кісіге былай оқуға болады, мысалы, бесін намазын асырға таман оқып, яғни, бесінді уақытының соңында оқып, артынан асырдың уақыты кірісімен асырды оқиды, осылай - қосып оқыса болады. Бұнда біріншіден – намаздар өз уақытында өтелген болады, екіншіден – екі намазды қосып оқыған болып, жеңілдіктен пайдаланған болады. Ақшам мен құптанды да солай өтеуіне рұқсат, мысалы, ақшам намазын құптанға таяғанда оқиды да, артынан құптан кірген заматта құптанға бастап кетеді. "Екі намазды қосып оқуға болады" делінген хадистердің мәні осы дейді Ханафи ғалымдары. (Әр намаз жеке ниетпен, әдеттегідей оқылады).


[1] Бұхари мен Мүслім хадис жинақтарында келтірген.

Абдусамат Қасым