Жаназада неге имам «Пәленше қандай адам еді?» деп жамағаттан сұрайды?
Жаназада неге имам «Пәленше қандай адам еді?» деп жамағаттан сұрайды?
3 жыл бұрын 6198

Жаназада неге имам «Пәленше қандай адам еді?» деп жамағаттан сұрайды?

Өйткені, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссаләту уә сәлләм) өзінің асыл сөздерінің бірінде:

«Қандайда бір мұсылманға төрт адам жақсылықта куәлік етсе, Алла Тағала оны пейішке кіргізеді» деп хабар берген. Осы хадисті риуаят етуші Әзіреті Омар хадистің жалғасында: «Сонда біз Одан (с.а.у.): «Үш адам куәлік етсе де ме?» деп сұрадық. Алла елшісі: «Үш адам куәлік етсе де!» деп жауап берді. Біз: «Екі адам куәлік етсе де ме?» дедік. Алла елшісі (с.а.у.): «Екі адам куәлік етсе де!» деді. Бір адамның куәлігі жайында сұрамадық» деп Әзіреті Омар сөзін аяқтайды[1].

Хадистің айтпағы, әлдебір мұсылман қайтыс болып, оның ізгі істерін білетін төрт мүмін-мұсылман жақсылығын айтып куәлік етсе, мархұмның пейіштік болары үміт етіледі. Тіпті үш не екі адам жақсылықпен тілге алса да пейішке кіреріне үміт бар.

Осы және осыған ұқсас хадистерден шабыттана келе, жаназа шығарушы имамның жиналған жұрттан: «Пәленше қандай адам еді?» деп сұрау әдеті қалыптасқан. Ондағысы – намазға қатысып тұрған жамағаттың куәлігі мархұмның пейіштік болуына септігін тигізіп қалар деген үміт. Жақсы, мұстахаб амал.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №531.

Абдусамат Қасым