Жамағатпен намаз оқығанда «имамға ұйыдым» деген сөзді ниетімде айтпай жүріппін. Намаздарым не болды?
Жамағатпен намаз оқығанда «имамға ұйыдым» деген сөзді ниетімде айтпай жүріппін. Намаздарым не болды?
9 жыл бұрын 15333

Әссәләмуғалейкум! Мен жақында ғана намазға бастадым. Жамағат намазында ниет еткенде «ұйыдым имамға» деп айтылуы тиіс екен. Мен енді біліп жатырмын. Білгеннен кейін де кей намаздарда «ұйыдым имамға» деген сөзді айтуды ұмытып кетемін. Енді намаздарым бұзылды ма? Асқар.

Уағалейкум әссәләм!

Имамға ұю –  намазын алда тұрған имамға «тапсыру» деген сөз. Хадисте: «Имам - (жамағат намазына) кепіл. Ал, азаншы - (көпшілік) сенім артқан кісі»[1], - делінген.  Ендеше, имамның артында тұрып, оған намазын «тапсыру» үшін сол әрекетіне ниет етуі керек.

Ниет дегеніміз – Алланың ризалығы үшін белгілі бір намазды оқуды діттеу.  Оның орны - жүрек. Сондықтан да, пәлен намазды жамағатпен, имамға ұйып оқуды іштей діттеп келсеңіз, тілмен айтпасаңыз да намазыңыз дұрыс.

Имам Әбу Юсуфтың мына бір сөзі кітаптарда келтіріледі. Ол (р.а.) былай деген:

«Кімде-кім, парыз намазын жамағатпен оқуды діттеп үйінен шықса, (мешітке келе салысымен) алда тұрған имамына «Аллаһ әкбәр» деп ілесіп кетсе,  сол сәтте ниет етпесе де намазы дұрыс»[2]. 


[1]. әл-Хайсами – №1902 хадис; Тирмизи, Әбуәбул Әзән: №207 хадис.
[2] Әл-Кәсәни: Бадаиғ – 1/591 бет.

Абдусамат Қасым