"Истихара" намазы жайында не білесіз?
"Истихара" намазы жайында не білесіз?
11 жыл бұрын 69551

Сәлеметсіз бе? Ис­ти­ха­ра на­ма­зы дегеніміз кандай намаз және ол калай окылады? Гүлсезім
Ассалаумағалейкум! Истихара жайында айтып беріңізші? Жанна Шәмси.

Уағалейкумуссалам! 

Истихара (الإستخارة) дегеніміз – бір нәрсенің қайырлы болуын тілеу.

Шариғаттағы мағынасы, бір іске аяқ баспас бұрын, көңілдегі күдікті сейілту үшін, ең дұрыс таңдауды Алладан намаз оқып немесе арнайы дұға айтып тілеу. Истихара – ардақты Пайғамбарымыздың үмметіне үнемі кеңес ететін сүннеті. Хадисші Һәйсәмидің хадис кітабында риуаят етілген бір руиаятта Алла Елшісі: 

«Адам баласының шаттығының бірі – Аллаға истихара жасауы»[1], – дей отырып, истихараның маңыздылығын көрсетеді.

Истихара тіршілік қам–қарекеттеріне (дүниелік істерге) жасалады. Мысалы, сапарға шығу,  үйлену алдында немесе сауда–саттыққа бастау т.б. Ал, ораза ұстау, намаз оқу немесе садақа беру сияқты ахыреттік істерде истихара жасалмайды[2].

Бір іске истихара жасайтын адам екі рәкәғат нәпіл намаз оқып, сәлем бергеннен кейін истихара дұғасын айтады. «Сахих Бұхариде» келтірілген бір хадисте сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді:

«Алланың Елшісі бізге Истихараны Құран сүрелерін үйреткендей үйрететін. Ол былай дейтін: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бөлек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретімен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш–құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшін жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей Аллаһым! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңындамен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр»[3]

Дұғаның арапшасы:

اللَّهُمَّ إنِّي أستخِيرُك بعِلمِكَ وأسْتَقْدِرُكَ بقدرتِكَ وأسأَلُكَ مِن فَضْلِكَ العَظِيمِ، فإنَّك تَقدِر ولا أقْدِر، وتعْلَمُ ولا أعْلَم، وأنتَ علَّامُ الغُيوبِ، اللَّهُمَّ إن كُنت تعْلَمُ أنَّ هذا الأمْرَ خيرٌ لي في دِينِي ومَعَاشِي وعاقِبَةِ أمْرِي -أو قال: عَاجل أمري وآجِلِه- فاقْدُره لي ويسِّرْهُ لي ثمَّ بَارِك لي فِيه، وإن كُنتَ تعْلَمُ أنَّ هذا الأمْرَ شَرٌّ لي في دِينِي ومعاشِي وعاقبةِ أمْرِي -أو قال: عاجِل أمرِي وآجِلِه- فاصرِفْهُ عنِّي واصْرِفْنِي عنه واقْدر لي الْخَيرَ حيثُ كان، ثمَّ أرْضِنِي بِهِ  

«Аллаһумма инний әстәхиирукә би-ъильмикә уә әстәқдирукә би-құдротикә, уә әс-әлүкә мин фадликәль ъазыйм. Фә-иннәкә тақдиру уә лә ақдиру. Уә Таъләму уә лә аъләму. Уә әнтә ъалләмуль ғұюб. Аллаһумма ин күнтә таъләму әннә һәзәль-әмро хойрон ли фи диний уә мәъаший уә ъақибәти әмрий, фәқдүрһу ли уә яссирһу ли, сүммә бәрик ли фиһ. Аллаһумма уә ин күнтә таъләму әннәһу шәррун лий фи диний уә мәъаший уә ъақибәти әмрий фасрифһу ъанний, уасрифний ъанһ. Уәқдүр лиль Хойра Хайсу Кәнә сүммә Ардыйний биһ».

Қандай сүрелер оқылады?

Истихара намазын оқитын кісі фатихадан кейін қалаған бір сүресін оқуына болады. Алайда, ғалымдарымыз бірінші ракәғатта фатихадан кейін «кәфирун сүресін», ал екінші ракәғатта фатихадан кейін «ықылас сүресін» оқуды кеңес етеді.

Сондай–ақ, истихара намазын оқитын адамның көңілі бейтарап күйде, яғни жаңағы іске байланысты ешқандай шешімді қабылдамаған болуы тиіс. Себебі, іштей бір шешімге келіп қойған кісіге мәселенің шын мәні жасырын қалуы мүмкін.  

Истихара жасағаннан кейін, діттеген ісінің хайырлы екендігі қалай белгілі болады?

Истихара жасағаннан кейін діттеген ісі қайырлы болса, жүрегінде сол іске деген сүйіспеншілік, көңіл хошы (бірақ нәпсіқұмарлық басқа!) туындайды. Ал, қайырлы болмаса, ол іске деген жүрегінде еш бір қалау туындамайды.

Жүрекке ештеңе сезілмеген жағдайда, истихараны жеті рет қайталауға болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ей, Әнәс, егер бір іске ниет етсең, Рабыңа жеті рет истихара жаса. Кейін жүрегіңде туындағанға қара. Күмәнсіз қайыр жүректе!», – дегендігі риуаят етіледі.

Бірақ, бұл хадис истихара нәтижесі шартты түрде жүрекке ғана  білінеді деген сөз емес. Алла тағала кейде ол іс қайырлы болса, оған жету жолын жеңілдетіп қояды екен. Егер қайырсыз болса, одан сізді алыстатып, өзі разы болатын одан да абзалын нәсіп етуі мүмкін. Истихара дұғасындағы «оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет» деген тілектің де астарында осы жатыр.

Истихарада намаз оқымай, тек дұғасын ғана оқуға да болады[4].


[1] Әл–Һайсәми: «әл-Мәжмуғуз Зәуәид» - Бәбуль Истихара – 3669 хадис.
[2] Бадруддин әл–Айни: «әл–ъаләмуль Һәйиб фи шәрхиль кәләмит тойиб» – 333 бет.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – №1166–хадис.
[4] «Әл–Маусуғатуль фиқһия» – 3/242–247 бет; Дәруль Ифтә - №403. 12/03/2003 ж.

Абдусамат Қасым