Екінті намазының уақыты – асри әууәл ме, асри сәни ме?
Екінті намазының уақыты – асри әууәл ме, асри сәни ме?
11 жыл бұрын 17336

Ассалаумағалейкум! Біздің мешітте «Екінті уақыты – әсри әууәл»  деп, мүфтият бекіткен уақыттан ерте азан шақырып, екінті намазын ерте оқып жатқан жамағат бар. Оларға айтсам бой бермейді, дәлел келтір дейді. Екінті уақыты - асри әууәл ме, әсри сәни ме?  Ғабит

Уағалейкумсалам уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!

Әр нәрсенің көлеңкесі өзімен бірдей болған уақытты - «Асри әууәл» дейміз. Ал, әр нәрсенің көлеңкесі өзінен екі есе ұзарған уақытты - «Асри сәни» дейміз. Бұл екі сөз тіркесінің шариғи термин ретінде қалыптасуының себебі – екінті намазының алғашқы уақыты төңірегінде білдірген екі түрлі көзқарас болып отыр. Бір жағынан Имам Ағзам Әбу Ханифа, екінші жағынан  оның екі шәкірті Әбу Юсуф пен Имам  Мұхаммед  және өзге үш мәзхаб иелері(р.а.). Соңғыларының пәтуалары бойынша: әр нәрсенің көлеңкесі өзімен бірдей болғанда екінті намазының уақыты кіреді, дәлірек айтқанда - Асри әууәл.

Ал, Ұлық Имам Әбу Ханифаның (р.а.) тұжырымы бойынша: әр нәрсенің көлеңкесі екі есе ұзарғанда бесін намазы шығып, екінті намазының уақыты кіреді. Бұған бірнеше дәлел бар:

  • Сахих  Бухариде келтірілген бір риуаятта сахаба Әбу Зәрдың (р.а.) айтуы бойынша бір күндері Пайғамбарымызбен (с.а.у) сапарға шығады. Бесін уақыты кіргенде азаншы азан айтуға ұмтылады. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Күте тұр (немесе "салқын түссін")!», - дейді. Екінші рет азан шақыруға ұмтылғанда тағы да Пайғамбарымыз (с.а.у): «Күте тұр (немесе "салқын түссін")», - дейді. Біраздан кейін үшінші рет бесін намазына азан шақырғысы келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у) оған: «Құм төбешіктің көлеңкесі өзімен бірдей болғанға дейін күте тұр, - деп айтты да, бұның себебін: «Шынында (бесін уақытындағы) күннің ыстығы жәһәннәм ыстығын еске түсіреді», - деп түсіндірді[1].  Осы хадисте құм төбешіктің көлеңкесі өзімен бірдей болғанда, азан айтқызып, бесін намазын оқыған. Бұл уақыт «асри әууәл» уақытына сай келіп тұр. Егер екінті намазының уақыты «асри әууәл» болған болса, бесін намазын ол уақытқа дейін кешіктірмес еді. 
  • Имам Мәликтің «әл-Муатта» атты хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта сахаба Әбу Һурайрадан намаздардың уақыты жайында сұрағанда, Ол (р.а): «Мен саған айтып берейін. Бесін намазын, көлеңкең өзіңмен бірдей болғанда оқы. Екінті намазын көлеңкең сенен екі есе болғанда оқы....»[2],- деп жауап берді.  

Екінші көзқарастағы ғалымдардың сүйенген негізгі дәлелі сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен Жебрейіл хадисі. Бұл хадисте бірінші күні Жебрейіл періште Пайғамбарымызға екінті намазын әр нәрсенің көлеңкесі өзімен бірдей болған кезде, яғни, асри әууәл уақытта оқуды үйретсе, екінші күні Жебірейіл періште бесін намазын асри әууәл уақытында, ал екінті намазын асри сәни, яғни әр нәрсенің көлеңкесі өзінен екі есеге жеткенде оқуды үйреткендігі айтылады[3].

Аталмыш хадистің Тирмизидегі нұсқасына қарайтын болсақ: «екінші күні бесін намазын кешегі асыр намазын оқыған уақытта оқыды, яғни, әр нәрсенің көлеңкесі өзімен бірдей болған кезде»[4] деген мәтін орын алған. Енді хадистегі алғашқы күнгі көрсетілген екінтінің уақыты, екінші күні оның орнына бесін намазын оқуы арқылы өз үкімін жойып отыр деуге негіз бар[5]. Ендеше, бұл хадис екінші көзқарастағы ғалымдардың емес, керісінше Ұлық Имамның тұжырымын қуаттайды.

Намаздың дұрыс болуының бір шарты- уақытының кіруі екендігі даусыз. Сондықтан, ең абзалы екінті намазын асри сәниде оқыған дұрыс. Ал бесін намазының уақытын (зәру жағдай болмаса) асри әууәл уақытына дейін созбаған жақсы. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.

[1] Сахих Бухари – әл-әзәну лилмусәфирин изә кәну жәмәъатән уәл иқама – 18 баб/629 хадис.
[2] Әл-Муатта – Китабу Уәқути ассала - №9 хадис.
[3] Әбу Дәуід – Бәбул Мәуәқит – 2 баб/393 -хадис.
[4] Тирмизи – Китабус сала – 113 баб/149- хадис.
[5] Әбу Бәкір әл-Жассас: шарху Мухтасари ат-Тахауия – 1/491.; әл-Хидая уә шархуһу әл-Биная; әл-Ихтияр; 

Абдусамат Қасым