Ассалаумалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ұстаз беташар өтсе болды неке саналады дейді, имамдар қимаса да болады дейді. Анықтап айтасыз ба?
Беташар некенің орнына жүре ме? Беташар жасап, неке қимаса бола ма?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Беташар- неке қию емес. Ол - үй иесінің келін түсіріп жатқандығын халыққа жария қылу амалы. Исламда неке қию - парыз. Мұнда көпшілік Ислам мәзхабтары арасында талас жоқ. Біздің мәзхабта және жалпы көпшілік Ислам ғалымдарының байламы бойынша, шариғи тұрғыда ерлі-зайыпты болып есептелу үшін екі куәгердің көзінше неке рәсімін орындаулары шарт, тек жария етулері жеткіліксіз. Ал «беташар жасалса болғаны, некені қимаса болады деген пікір» қате, шариғатқа қайшы сөз. Оның үстіне, бұрыннан келе жатқан салт бойынша, келін түсірген адам беташар дәстүрін жасағаннан соң, молданы шақырып неке рәсімін орындайды. Осылайша, жария ету шарты мен некені шариғи тұрғыда заңдастыру шартын бірдей атқарып жатады. Оған дейін екі жасты бір бөлмеде оңаша қалдырмайды. Беташар мен неке рәсімі екі түрлі нәрсе, екеуі де өз орнымен атқарылу керек.
Осы орайда, мынадай бір олақ нәрсеге де назар аудартқым келеді: кей жерлерде ресми неке куалігі болмай, неке қимаймыз деп, жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан екі жасты бірнеше күн немесе бірнеше ай некесіз жүргізіп қояды екен. Бұл өте күнә тірлік. Харам іс. Некесіз қатынас зина болып есептелетіні мәлім, сол себепті екі жастың көп созбай беташар күні некесі қиылу керек, ал ресми неке куәлігін асықпай ала береді. Осы мәселеге де қырағылық танытылса дейміз! Алла баршамызға тауфиқ берсін!