«Пейішке намаз оқумен кірмейді» дейтіндер бар, бұл қаншалықты дұрыс? Намаз оқымаса бола бере ме?
«Пейішке намаз оқумен кірмейді» дейтіндер бар, бұл қаншалықты дұрыс? Намаз оқымаса бола бере ме?
17 күн бұрын 1593

«Пейішке намаз оқумен кірмейді» дейтіндер бар, бұл қаншалықты дұрыс? Намаз оқымаса бола бере ме?

Бисмилләһир рахманир рахим, әлхамдулилләһи, уәссаләту уәссәләму аля расулилләһ.

Мүміндер пейішке Алланың кеңшілігімен және рахымдылығымен кіреді1. Намаз оқыдым болды, жүз пайыз пейіштікпін деп ойламауымыз керек. Бірақ, намаз оқушы мұсылманның пейішке кіру ықтималдығы (немесе мүмкіншілігі) намаз оқымайтынға қарағанда көп. Оны Құран аяттарынан да, хадистерден де анық ұғынуға болады. Құранда: «Істеген амалдарың себепті пейішке кіріңдер!» делінеді2. Сондықтан да, намаз оқымай-ақ қойсам болады деген жаңсақ пікірден аулақ болмақ ләзім.

Асылында, мүмін намазды пейішке кіру үшін ғана оқымайды - Алланың бұйрығын орындаймын, Алланың разылығын аламын деп оқиды. Әрине, онысы үшін Алладан сауап күтіп, осы титтей амалым пейішке кіруіме септігін тигізер деген үмітпен оқиды. Мысалы, егер біреу оған аян беріп «сен тозаққа кіресің, намаз оқымай-ақ қой» десе де, мүмін намазын тастамақ емес, ол: «тозаққа, не, пейішке кіргізем десе де, Алланың қай шешіміне разымын, бірақ Алланың алдындағы парызымды орындауды жалғастыра беремін» дейді, өйткені ол Алланың разылығын көксейді және рахымдылығынан үміттенеді, әділдігіне сенеді.

Мына бір риуаят тақырыбымызды аша түсері анық. Бір күні Әзіреті Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аяғы іскенше намаз оқығанын көріп: «Бұлай неге істейсіз, уа, Расулалла? Алла Тағала сіздің өткен және келер күнәларыңызды кешіріп қойған жоқ па?!» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Шүкір етер құл болмайын ба?!» деп жауап берді3.

Алла Тағала жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін!


1«Алла елшісі: «Ешкім амалымен пейішке кірмейді» деді. Сонда сахабалар: «Сенде ме, уа Расулаллаһ?» деп сұрады. Ол: «Иә, мен де солай. Бірақ Алла мені өзінің кеңшілігіне және рахымдылығына бөлеген. Тура жолдан айырылмаңдар және Аллаға жақындатар істерді істеңдер!... деп жауап берді». «Сахих Бұхари».
Құран Кәрім, «Нәхл» сүресі, 32 аят.
Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым