Баскиім «сутра» ретінде есептеле ме? Сутраның көлемі қандай болуы тиіс?
Баскиім «сутра» ретінде есептеле ме? Сутраның көлемі қандай болуы тиіс?
9 жыл бұрын 8727

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Мешіттерде «сутра» ретінде бас киімді не болмаса, үстіндегі киімдерін пайдаланады. Ал, фиқһ кітаптарында сутраның биіктігі шамамен шынтақтай болуы керек делінген. Баскиімнің биіктігі 5 см жетер-жетпес. Баскиім сутра ретінде жарамды ма? Талғат.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Намаз оқушы алдынан адамдардың кесіп өтуінен қауіптенсе, жайнамаз мөлшеріндей арақашықтыққа бір зат қояды, оны «сутра» дейміз. Сутра қоюдың үкімі – мұстахаб. Қоймаған жағдайда, жеңіл мәкрүһ. Имамға ұйып оқылған намаздарда имамның алдындағы сутрасы, арттағы жамағатқа да жарайды.

Сутраның ұзындығы (биіктігі) - бір зираъ (45-50 см), ені ең кемі бір саусақтың жуандығындай.

Дегенмен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «... шаш секілді жіңішке болса-дағы»[1], - деген сөзін ескерген кейбір ғұламалар: «сутраның ені (немесе жуандығы) маңызды емес» дейді.

Ал, бас киім сутра ретінде жарамды ма, жоқ  па дегенге келсек, Ханафи ғұламасы Ибн Ғабидиннің (р.а.) пайымдауынша, сутраға жарайтын зат жоқ кезде киімін немесе қолындағы кітабын сутра ретінде пайдалануға болады[2] (бірақ, Құран кітапты емес). Осыған қарағанда, сутраға жарамды қандай да бір зат таппаған намазхан баскиімін қойып жатса, онысы сутра үкімінде есептеледі деген ойдамыз.  


[1] Әл-Хаким, әл-Мүстадрак.
[2] Ибн Ғабидин, «Раддул Мухтар»,  4/128 бет.

Абдусамат Қасым