Ақшам намазынан кейін тәспі тартпайды дейді, сол рас па?
Ақшам намазынан кейін тәспі тартпайды дейді, сол рас па?
2 жыл бұрын 16636

Сәлеметсіз бе! Менің сұрағым - ақшам намазынан кейін тәсбих қайтарамыз ба? Көбісі қайтармайды дейді. Майра.

Сәлеметсіз бе!

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаздан кейінгі тартылатын тәспінің артықшылығы жайында: «Кімде-кім әрбір намаздан кейін 33 рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» десе, бәрін қосқанда тоқсан тоғыз болады, ал жүзіншісінде «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» деп айтса, теңіз толқынының көбігіндей күнәсі болса да кешіріледі»[1], - деген.

Осы хадистегі «әрбір намаздан кейін...» деген сөзі бес уақыт намазды білдіреді. Оның ішінде ақшам намазы да бар.

Ал, ақшам намазынан кейін тәспі тартпасын деген үкім кездеспеген. Сондықтан да, мүмкіндігінше ақшам намазынан кейін де тәспі тартқан абзал, тартпаған кісіге де күнә жоқ.

Ондай пікір қайдан шыққан?

Ақшам намазынан кейін тәспі тартпайды деген пікірдің төркіні – адамның кешкі ас ішу уақыты ақшам намазына тура келетіндіктен, асты күттірмей намазды аяқтай салып, асқа отырғаны дұрыс деген түсініктен туындаса керек. Немесе ақшам мен құптан арасы қысқа. Тәспі тартып, дұға жасаймын дегенше құптанға аз уақыт қалады, сол себепті тәспі тартылмайды деген түсінікте жатуы мүмкін. Алайда, бұндай себептер ақшам намазынан кейін тәспі тартпайды деп айтуға дәлел емес. Асығыс болған кісі тәспі тартпауына болады. Тәспі тарту - мұстахаб, сүннет амал. Тартқан кісіге сауабы бар, тартпаған кісіге күнәсі жоқ.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

Абдусамат Қасым