Ақшам намазын 4 ракағат етіп оқып қойдым, намазым не болды?
Ақшам намазын 4 ракағат етіп оқып қойдым, намазым не болды?
9 жыл бұрын 14503

Әссәләмуғалейкум! Ақшам намазында 3 рәкәғат парыздың орнына 4 рәкәғат етіп оқып қойдым. Енді не істесем болады? Серік

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Серік, намаздағы соңғы отырыста «тәшәһһуд» дұғасы оқылатындай мөлшерде отыру – парыз. Оны "қағда ахир" дейміз. Ал, тәшәһһуд дұғасын оқу – уәжіп.

Сондықтан да, ақшам намазының соңғы отырысына отырған адам тәшәһһуд дұғасынан соң бірден 4-ші рәкәғатты бастап кетсе және 4-шінің сәждесіне бармастан бұрын қателескені есіне түсіп жатса, лезде отырып, екі жаққа сәлем береді де намазын тәмәмдайды. Тәшәһһуд дұғасын қайталап оқымайды. Төртіншінің сәждесіне барып қойған жағдайда да намазы дұрыс. Бірақ, сәһу сәждесін орындайды.

Ал, соңғы отырысқа отырмастан, бірден 4-шіге тұрып кеткен кісі, сәждесіне бармай жатып, бірден тәшәһһуд отырысына отырып, сəһу сəждесін жасап, намазды аяқтауы керек. Сәждеге барып қойса, ақшам намазын қайтадан оқиды[1].

Ендеше, сіздің жағдайда, ақшам намазының үшінші рәкәғатынан кейін соңғы отырыста ең кемі «тәшәһһуд» дұғасы оқылатындай мөлшерде отырып, содан соң төртке бастап кеткен болсаңыз, намазыңыз дұрыс (бірақ, ондай кезде сəһу сəждесі жасалады). Өйткені, намаздың парызы болған соңғы отырысты орындап барып, төртке өтіп отырсыз . Ал, үшіншіден кейін «тәшәһһуд отырысына» отырмай, төртті тәмәмдаған болсаңыз, сол күнгі ақшамның қазасын өтеуіңіз керек.


[1] Шүрунбүләли: Имдәд – 487, 488 бет.; Фəтəуə Татархания - 1/526 бет.

Абдусамат Қасым