Анам намазда толық жабылмайды, намазы дұрыс па?
Анам намазда толық жабылмайды, намазы дұрыс па?
8 жыл бұрын 8609

Әссәләмуғалейкум! Анам намаз оқиды. Бес уақыт. Бәрі уақытында. Бірақ, толық жабылма оқиды.  Жасы алпыс бесте. Басында орамалы бар. Намазы дұрыс па? Анам кәдімгі апалар сияқты киінеді.  Және сол киімімен намаз оқиды.Орамалын артына байлайды.Көйлегі ұзын. Шынтақтан төмен. Етегі тобықтан жоғары. Намазы дұрыс па? Жауап таппай жүрмін.  Жайлап көңіліне келмесін деп айтқанмын.Тыңдақырамайды мені. Намазы сахих па? Сәбит.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз шарттарының бірі – әурет жердің жабық болуы. Осыған орай, әйел кісінің намазда жүзі мен білезікке дейін екі қолынан өзге жерлері жабық болуы шарт. Бұл - əйел затына ортақ үкім. Мұнда жас айырмашылығы қарастырылмаған. Имам Әбу Ханифа тобықтан төмен аяқты жабу шарт емес дейді. Өзге ғұламаларымыздың пайымынша, намазда аяқтың тобықтан төменгі жағы жабылады. Сондықтан да, апа-әжелер де намазға тұрғанда намаз шартына сай киінулері тиіс. 

Ханафи ғұламасы Әбу Бәкр Ахмәд ибн Жассас (р.а.) Нұр сүресінің 60 аятын[1] тәпсірлеп жатып былай деп өтеді:

«Егде әйелдің де шашы ғаурат болып есептелетіндігінде талас жоқ. Жас әйелдің шашы секілді, оның шашына да бөтен еркектің қарауына болмайды. Ол кісі егер басы ашық күйі намаз оқыса, намазы бұзылады құдды жас әйелдің намазы секілді. Сондықтан да, аяттың мәні - бөтен еркектің алдында шәлісін шеше берсін дегендік емес»[2]. 


[1] Нұр сүресін, 60 аятта: «Еркектен қалған егде әйелдер зейнет жерлерін көрсетпестен сырт киімдерін шешіп, жеңіл киіммен жүре берсе айыбы жоқ Ал, одан да сақтанамын десе, тіпті құба-құп. Алла бәрін көріп, бәрін біліп тұр».
[2] Әл-Ахкамуль Құран лиль-Жассас: Нұр сүресі.

Абдусамат Қасым