Ассаламуғалейкум! Құрбан Айт намазын үйде оқуға бола ма? Осыған қатысты көп түсініспеушілік болып, сұрақтар туындап жатыр. Алла разы болсын! Гүлайым.
АЙТ НАМАЗЫН ҮЙДЕ ОҚЫСА БОЛА МА?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Айт намазы мешітте оқылмаған жағдайда үйінде жеке оқыса болады дейтін кейбір мәзхаб ғұламалары бар. Мысалы, Шәфиғи мәзхабы мен Мәлики мәзхабтарында кімде-кім айт намазына бара алмаған болса, айт намазын үйінде жеке оқуына рұқсат. Өйткені, аталмыш мәзхабтарда айт намазын оқудың үкімі «мүәккәт сүннет», яғни, «бекітілген сүннет» үкімінде. Сондықтан да, жамағатпен мешітте оқу, олардың пайымынша - уәжіп емес.
Бірақ, біздің мәзхабта, яғни, Ханафи мәзхабында айт намазын оқу ер адамдарға – уәжіп. Өйткені, «Кәусәр» сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал», - деп бұйырған. Осындағы «намаз» айт намазын білдіріп тұр. Және де айт намазы, жұма намазы сияқты қалалы жерлерде немесе қала үкіміндегі елді-мекендерде, есігі көпшілікке ашық болған мешітте жамағатпен оқылуы керек. Сондықтан да, үй жағдайында айт намазы оқылмайды. Тарқатып айтар болсақ:
Біріншіден – айт намазы дұрыс болып саналу үшін намазды мұсылман патша немесе патшаның тағайындаған адамы өткізуі тиіс. Қазіргі таңда діни міндеттемелер Дін істер басқармасының құзыреттілігіне берілгендіктен, орталықтан тағайындалған имамның болуы ләзім. Ал, үйде орталықтан тағайындалған имам болмайтындықтан айт намазы саналмайды.
Екіншіден – айт намазы дұрыс болып есептелу үшін көпшілікке есігі ашық, мұсылмандардың құлшылықтарын емін-еркін орындауларына рұқсат етілген мешіт болуы керек. Егер, мысалы, мешіттің есігіне құлып салынып, белгілі бір адамдардан өзгелерге намаз оқу тыйым салынған болса, ондай мешітте айт намазы оқылмайды. Бұл талаптың үй жағдайында жүзеге асуы мүмкін емес екендігін айтпасақ та белгілі.
Үшіншіден – жамағаттың болуы шарт. Имамнан бөлек ең аз дегенде балиғат жасына толған үш ер адамның қатысуы ләзім. Бұл да үй жағдайында табыла бермейтін талап.
Ендеше, үй жағдайында айт намазының талаптары жүзеге аспайтындықтан, Ханафи мәзхабында айт намазын үйде оқу дұрыс болып саналмайды.
Осы тұрғыда әйел адамдарға да айт намазына бару міндет емес. Үйлерінде де айт намазын оқымайды.