Қолға немесе аяққа гипс салынған болса, дәретте қайтеді?
Қолға немесе аяққа гипс салынған болса, дәретте қайтеді?
10 жыл бұрын 13149

Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, қолына немесе аяғына гипс салынған адамның дәреті қалай болады? Азамат.

Уағалейкум ассалам, Азамат! Ертеректе адамның аяқ-қолы сыңған жағдайда, сынықты қатайтып бекемдеу мақсатында арнайы  қатты зат қойып (мысалы, таяқ, темір) үстінен таңып байланатын. Оны «Жәбира» дейді.  Енді осыған қатысты фиһқ кітаптарында былай делінген:

  • «Жәбира жарақаттан артық жерді қамтыса, немесе тамыры кесіліп, оған таңылған таңғыш өзге де сау жерлерді қамтып тұрған болса, онда (дәретте) былай жасалады: егер таңғышты шешу және оның астындағы жерлерді жуу жарақатқа зиян тигізіп жатса, жарақаттанған аймаққа сәйкес, (шешпей) таңғыш үстінен түгелдей мәсіх тартылады. Өйткені дәл жарақаттың өзін ғана байлау (өзге жерлерді ашық қалдыру) мүмкін емес...»[1]

Осыған орай айтарымыз, дәрет алатын кезде қолға немесе аяққа гипс салынған жағдайда, жуылуы тиіс аймақтағы гипстің үстінен дымқыл қолмен сипалап, мәсіх тартылады. Мысалы, қолды дымқылдап алып, аяқтың ұшынан тобыққа дейінгі жердегі гипстің үстінен сипап шығады.  Ал енді кейде тек тобықтың аймағы гипстеліп, саусақ ұшына дейнгі жерлер ашық болуы мүмкін. Мұндайда аяқ ұшына дейінгі ашық жер жуылуы тиіс. Қалған жеріне (гипс үстінен) мәсіх тартылады.

Қосымша мына мәліметті де оқи отырыңыз: Бетіме су тигізуге болмайды, дәрет алғанда не істеуім керек? http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/daret-gusyl/betime-su-tigizuge-bolmaidy-daret-alganda-ne-isteuim-kerek-284/ 

[1] Али ал-Қари: Фатхуль Ъиная – 1/109 бет.; әл-Ъайни: Әл-Биная – 1/613 бет.

Абдусамат Қасым