Протез тісі бар адам ғұсыл алғанда Шафиғи мәзхабына өту керек дейді. Бұл қалай?
Протез тісі бар адам ғұсыл алғанда Шафиғи мәзхабына өту керек дейді. Бұл қалай?
10 жыл бұрын 10027 dentalcenter.com.ua/

Әссәләмуғалейкум! Бір сауалым бар еді. Егер тісіңде протез болса, Әбу Ханифа мәзхабы бойынша ғұсыл қабыл болмайды. Сондықтан ғұсыл алар кезде Шәфиғи не Мәлики мәзхабы бойынша алыңдар деп естідім. Бұл қалай болар екен?

Мұхтар Тұртайұлы.

Уағалейкум әссәләм! Протез тістері – толықтай және жартылай алынбалы-салынбалы болып бөлінеді.

Жартылай алынбалы-салынбалы: Бұл құрастырма бір немесе бірнеше тіс түскенде қолданылады. Бүтіндікті қарапайым тәсілмен қамтамасыз етеді. Дәлірек айтқанда, протез көршілес сау тістерге арнайы құрылғының көмегімен бекітіледі. Бұл әдіспен протездеу әрі сенімді, әрі шыдамды, күн сайын алып-салудың қажеті болмайды. Ең бастысы - ауыз қуысын дұрыс күту қажет[1].

Біздің пікіріміз бойынша: Егер протез тісі алынбалы болмаса «ондай кезде ғұсыл алатын адам Шафиғи мәзхабына өту керек дейтін тұжырым» ақиқатқа жанаспайды.

Біріншіден – Фиқһ кітаптарында Әбу Ханифаның күміс тіс салуға, ал оның қос шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің алтыннан да тіс тартып қоюға (салдыруға) рұқсат еткен пәтуалары бар. Тіс салдыруға рұқсат еткен аталмыш ғұламаларымыз, ғұсыл алғанда Шафиғи мәзхабына өту керек деп айтқан пәтуаларын кездестірмедік. 

Екіншіден – Протез тістері оңай алынып-салынатын түрден болмаған жағдайда (емдік мақсатта болғандықтан) ғұсыл кезінде оның астыңғы жағына судың тиюі шарт емес. Себебі, ол - жарақат үстіне оралған таңғыш іспетті. Имам әл-Маусули өзінің Ихтияр ли Тағлилиль Мухтар атты еңбегінде: «...Егер аяғының жарылған[2] жеріне дәрі жақса және жағылған дәріден теріге су жұқпайтын болса, дәрінің үстіңгі бетінен судың ағуы жеткілікті»,[3]- деген.

Сондықтан, оңай алынып-салынбайтын протез тісі бар кісі Ханафи мәзхабына сай ғұсыл алғанда аузын шаяды. Протездің астыңғы жағына судың өтпеуі ғұсылға кедергі емес. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Арфажа атты сахабаның соғыста мұрны кесіліп қалғандықтан, Алла елшісі оған алғашқыда күмістен, кейін алтыннан мұрын салдыруға рұқсат етеді[4]. Осы тұрғыда Пайғамбардың сахабаға: «Ғұсыл аларда салынған мұрынның астыңғы жағына су тию керек», - деп бұйырған жері жоқ. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

 

[1] http://stomatologiya.kz/
[2] http://www.almaany.com/home.php?language=arabic
[3] Маусули, Ихтияр, 1-том, 98 бет.
[4] Әбу Дәуід сүнәні; Тирмизи сүнәні

Абдусамат Қасым