Мәсінің табанына неге мәсіх тартылмайды?
Мәсінің табанына неге мәсіх тартылмайды?
8 ай бұрын 1750

Мәсінің неге табанына мәсіх тартылмайды?

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля расулилләһ.

Бұл сұраққа Әзіреті Әлидің мына бір сөзі жауап болады. Әзіреті Әли былай деген: «егер дін ақылмен болатын болғанда, мәсінің табанына мәсіх тарту - мәсінің үстіне мәсіх тартудан лайығырақ болар еді. Шынында Алла елшісін (с.а.у.) мәсісінің үстіне мәсіх тартқандығын көрдім»1 дейді ардақты сахаба (р.а.). Мәсіге мәсіх тарту амалы «тәуқифи», яғни, Алла Тағаланың білдіруімен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бекіткен үкімі. Дінімізде "тәуқифи" және "тааббуди" амалдар сол күйінше қабыл етіледі, өзгеріс енгізілмейді. Ал оның астарындағы мәні бізге беймәлім. 

Алла елшісі «мәсінің үстінен мәсіх тартылады» деп бекіткен. Ақылға салсақ, мәсінің үстінен гөрі табанына мәсіх тартқан дұрысырақ сияқты. Алайда «тауқифи» амалға қарсы қияс (қисын) жүрмейді. Дін негіздері адам ақылымен емес, Жаратушы Құдай Тағаланың уахиымен және Пайғамбарымыздың сүннетімен бекітіледі. Әсіресе, ақида және ғибадатқа қатысты үкімдердің дені Құран және сүннетпен реттелген, олар өзгерісті қабыл етпейді, яғни, «таъаббуди» болып келеді, өзгерісті қабыл ететін үкімдердің дені «ижтиһәди» сипаттағылар. Сондықтан да, Әзіреті Әли «дін ақылмен емес, нақылмен (уахи, сүннет) болады» деп отыр.

Осы тұрғыда, Дін Ислам Құдай тарапынан жіберілген дін болғандықтан, біздерге көп нәрсенің мәні бірдестен түсінікті болмауы мүмкін. Кей мәселенің түпкі мәні уақыт өте келе түсінікті болып жатады. Бұл дініміздің кемшілігі емес, ақылымыздың шектеулі болуынан. Тіпті кей діни үкімдердің астарындағы мән-мағына мың жыл өтіп барып түсінікті болып жатады. Мысалы, намаз қимылдарын алалық. Намаз қимылдарының адам денсаулығына тигізер пайдасы өткен ғасырларда белгісіз еді, алайда арадан мың жыл өтіп, қазіргі ғылымның көмегімен намаз қимылдарының адам денсаулығына тигізер пайдалары анықталып жатыр. Сол себепті де, ғалымдарымыз дін мәселесінде «әуелі - нақыл, екінші - ақыл» деп айтқан. 

Сондықтан да, дініміздің наным-сенімдері мен кейбір жол-жоралғыларын ақылға сыйымсыз көрінгендіктен сынау орынсыз болады. Өйткені, ғаламда ақылға сыймайтын және бізге түсініксіз, тіпті ғылымның әлі күнге шейін түсіндіре алмайтын қаншама дүниелер бар! Ақылға сыймайды деп оның бәрін жоққа шығару қалайша жөнсіз болса, Ислам дініндегі мәні түсініксіз кейбір амалдарды шоққа шығару да солай жөнсіз болмақ.

Қорыта айтқанда мәсінің табанына мәсіх тартпаудың ең басты себебі - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйретуі солай болғандықтан. Оның астарындағы хикметі бізге белгісіз. Осы тұрғыда мәсінің астына мәсіх тартса, ол санала ма? - деген сауал туындауы мүмкін. Оған Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ): «мәсінің табанына мәсіх тартса, саналмайды» деп жауап берген. Мәсінің үстіне ең кемі қолдың үш саусағының көлеміндей мәсіх тартылу керек2. Ал егер мәсінің табанына да, үстіне де мәсіх тартса қалай болады? Ол кезде мәсіх есептеледі, бірақ мәсіхті табанына тартқаны үшін емес, үстіне тартқаны үшін есептеледі. 

Ең дұрысы Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1  Әбу Дәуід: «Сүнән», 164 хадис; Имам Ахмед: «Мүснәд».
2  Имам Мұхаммед: «әл-Асл» - мәсіге мәсіх тарту тарауы.