Мәйітті жуындырғанда немесе табытты көтергенде ғұсыл мен дәретті жаңарту керек пе?
Мәйітті жуындырғанда немесе табытты көтергенде ғұсыл мен дәретті жаңарту керек пе?
9 жыл бұрын 10052

Ассаламуғалейкум!Алла разы болсын. Сұрағым: Егер қайтыс болған адамды жуындырсаң және табытты көтерсең дәрет алу керек пе, әлде ғұсыл құйыну керек пе? Соған толық жауап берсеңіздер екен? Бақжан

Уағалейкум ассалам, Бақжан! Ханафи мәзхабы бойынша мәйітті жуындырғанда ғұсылды, ал табытты көтергенде дәретті жаңарту шарт емес. Имам Мәліктің "Муатта" атты хадис жинағында келтірілген бір риуаятта сахабаның көзін көрген ғалым Нафиъ былай дейді:

«Сахаба Саъид ибн Зәйдтің ұлы   (Абдуррахман)  қайтыс болғанда, Абдулла ибн Омар (р.а.)  оның денесін хош иістендірді. Сосын оның табытын көтерді. Бұдан кейін мешітке кіріп,  дәретін жаңаламастан намаз оқыды». [Әл-Муатта - №46, Шарх аз-Зарқани.]  

Сондай-ақ, Әзірет Әбу Бәкір қайтыс болғанда денесін зайыбы Әсмә бинти Ъумәйс жуады. Жуудан шыққаннан соң Әсмә сол жерге келген мұхажирлерден*: "Менің аузым берік еді. Және бүгін күн өте суық. Маған ғұсылдану керек пе? - деп сұрайды. Сонда мухажирлер бір ауыздан: "Жоқ" - деп жауап береді. [Әл-Муатта: Китабул Жанаиз – Бәбу ғаслил Маит.]

(Мұхажирлер - Меккеден Мединеге хижрет еткен алғашқы сахабалар).

Ал Әбу Дәуідтің (р.а.) кітабындағы: «Кім мәйітті жуындырған болса, (өзі де) ғұсылдансын. Кім табытты көтерген болса, дәрет алсын», - деген хадистегі сөз бұйрық емес, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кеңесі деп түсіну керек. Өйткені, адамның өлі денесімен байланыста болған кісінің дірмәні қашып, өзін әлсіз сезінуі мүмкін. Осындай жағдайда ғұсыл мен дәрет оны қуаттандырып, бойында сергектік тудырады. [Хашияту ат-Тахтауи ъалял Марақи – Китабул Жанаиз – 584 бет].  

Қорытындылай айтқанда, аталмыш жағдайда ғұсылды немесе дәретті жаңарту жақсы амал, бірақ міндетті емес.

Абдусамат Қасым