Ғұсыл үшін алынған таяммумды әр намазда жаңалап тұру керек пе?
Ғұсыл үшін алынған таяммумды әр намазда жаңалап тұру керек пе?
2 жыл бұрын 3906

Әссәләму алейкум уа рохматуллохи уа барокатуһ! Досым поезда жүніп болып қалды, дәрет алатын мүмкіндік бар, бірақ ғұсыл алатын мүмкіндік болмады осы жағдайда не істеу керек (ол жігіт таяммум алды және дәретті де алды)? Сосын ғұсыл алғанға дейін әр намаз алдында таяммум алып тұру керек пе? Азат.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егер поезда келе жатып, жүніп болған кісінің таяммум соғуға мүмкіндігі бар болса, ғұсылсыздықтан тазару мақсатында бір рет таяммум соғады. Қалған уақыттарда әдеттегідей тек сумен дәрет алып, намаздарын оқи береді. Және де ғұсыл үшін алған таяммумын әр намаз уақытында жаңартып отырмайды. Бір рет алған таяммумы «ғұсыл құйынуға мүмкіндік туғанға дейін» жарамды (әрине қайта жүніп болып жатса, таяммумды жаңартады).  

Бұған байланысты Имам Мұхаммедтің (Алла оны рахымына бөлесін) тақырыпқа байланысты берген жауабын келтірудің пайдасы бар:

Шәкірті (р.а.):

- Жолаушы кісі жүніп болып, намаз уақыты да кірсе, бірақ ғұсыл алуға жететін су табылмай, тек дәрек алуға ғана жететін су болса, әрі онымен ғұсыл құйына алмаса, не істейді?

Имам Мұхаммед (р.а.):

- Жер жынысына таяммум соғады және сумен дәрет алмайды.

Шәкірт:

- Жер жынысына таяммум соққаннан кейін сол таяммумен бесін намазын оқыды делік. Кейін дәрет бұзатын жағдай орын алған болса, одан кейін уақыты кірген асыр намазына қолындағы дәрет алуға жететін сумен дәрет ала ма?

Имам Мұхаммед (р.а.):

- Қолындағы сумен дәрет алады, (ғұсыл үшін қайта) таяммум соқпайды.

Шәкірт (р.а.):

-  Егер таяммум соғып, бірақ (қолындағы дәретке жететін) сумен дәрет алмаса не болады?

Имам Мұхаммед (р.а.):

- Онысы есептелмейді.

Шәкірті:

- Неге?

Имам Мұхаммед:

- Өйткені, ол (басында таяммум соғып) ғұсылсыздықтан тазарды, ал қолында дәрет алуға жететін суы бар, сондықтан да (дәрет алуға мүмкіндігі бола тұра, ол үшін) таяммумы саналмайды. Сол себепті, оған (қолындағы сумен) дәрет алу керек болады[1].


[1] Имам Мұхаммед (р.а.): «әл-Асл», 1/113-114 беттер.

Абдусамат Қасым