Ғұсыл құйынудың орнына таяммум соғуға бола ма, аяғым ауыр?
Ғұсыл құйынудың орнына таяммум соғуға бола ма, аяғым ауыр?
7 жыл бұрын 9070

Сәлеметсіз бе! Менің сұрайын дегенім: біз жер үйде тұрамыз. Үй салқындау. Ғұсылды үйде үстімізғе құманмен су құйып аламыз. Қазір аяғым ауыр болғандықтан суық тигізіп алам ба деп қорқып жүрмін.Сұрайын дегенім бұл жағдайда қандай да бір жеңілдік барма екен? Меруерт

Сәлеметсіз бе, Меруерт!

Риуаяттарға қарағанда, сахаба Амр ибн Ас (р.а.) бір күні ауа-райының суықтығы себепті ғұсылдың орнына таяммум соғады. Және онысын: «Күннің суықтығы өміріме қауіп төндіреді ме деп қорықтым. Алла Тағала «Өз-өздеріңді қатерге итермелемеңдер» деген ғой», - деп су бола тұра таяммум соғуының себебін түсіндіреді. Сонда Пайғамбарымыз күлген екен[1]. 

Ендеше, сіздің жағдайда ғұсылдың орнына таяммум соғуға рұқсат. Дініміздің ең басты назар аудартатын мәселелердің бірі – адам денсаулығы. Оның үстіне, жүктілік кезінде әсіресе, алғашқы айларында (12 аптасына дейін) салқын тигізіп, тұмауға шалдығу қауіпті деп ескертеді дәрігерлер. Алла пенделеріне жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды[2].      

Ескертпе:
Таяммум соғатын кісі алдымен таяммумға ниет етеді, одан соң екі қолын жер жынысына соғып, бетін сипайды. Екінші мәрте қайта соғып, бірінші оң қолын, одан кейін сол қолын шынтақтарымен қоса сипап шығады. Жер жынысы деп, отқа жанбайтын және ерімейтін барлық жер тектес заттарды айтамыз: топырақ, жаң-тозаң, тас, кірпіш, бетон, әктас, мрамыр т.б.


[1] Имам Табарани: Жәмиъуль Кәбир. Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадис.
[2] Бақара сүресі, 185 аят: «Алла Тағала сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды...».  

Абдусамат Қасым