Дымқыл сулықпен (влажные салфетки) сүртсем, дәрет толық бола ма?
Дымқыл сулықпен (влажные салфетки) сүртсем, дәрет толық бола ма?
10 жыл бұрын 9614

Ассаламуғалейкум! Автобуспен жол жүріп келе жатқан едім. Дәрет алуға және таяммум соғуға мүмкіндік болмай келе жатыр. Дымқыл сулықпен (влажные салфетки)  дәретте жуылуы керек жерлерді (қол, бет, аяқ) сүртсем, дәрет орнына жүре ме? Ерболат.

Уағалейкумсалам! Қадірменді Ерболат, дымқыл майлықпен дәретте жуылуы тиіс жерлерді сүртіп қою дәрет боп есептелмейді.  Өйткені Жаратушы Иеміз дәретке байланысты аятта «فاغسلوا – жуыңдар» деп біздерге бұйырып тұр[1]. Сондықтан «жуу» ісі жүзеге асуы парыз. Ғалымдарымыздың анықтамасы бойынша жуу дегеніміз: «Қажетті жерге суды ағызу» дегенді білдіреді.  Дәретте жуылуы тиіс жерлерге (қол, бет, аяқ) суды ағызбай, тек дымқылдап сүртіп қою дәрет боп саналмайды. Өйткені тек сүрту арқылы жуу бұйрығы толығымен жүзеге аспайды.  
Осыған сәйкес ертеректегі ханафи ғұламалары: «Әлдекім дәретінде қармен ысқылаған жағдайда, ешбір тамшы тамбайтын болса, онда ол дәрет боп саналмайды. Ал қар еріп (ең кемі) екі-үш тамшы тамып жатса, онда дәреті дұрыс. Себебі «суды ағызу» ісі жүзеге асты», - деген[2].

[1] «Әй мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар, (тұрарда,) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. (сипаңдар.) Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуындар..» (Майда сүресі – 6 аят.)
[2] Әл Кәсәни, Бадаиғус Санаиғ, 1 –том, 92 бет.

Абдусамат Қасым