Дәреттен кейін "Қадір" сүресін оқуды айтқан хадис дұрыс па?
Дәреттен кейін "Қадір" сүресін оқуды айтқан хадис дұрыс па?
7 жыл бұрын 8580

Ассаламу алейкум! Менің сұрағым: «Дәреттен кейін Қадр сүресін оқыған адамның жетпіс жылдық күнәсы кешіріледі»  (Хәләби). 2-сұрақ. Осы сүрені «1 рет оқыған адам..», «2 рет оқыған адам», «3 рет оқыған адам...» деп келетіні бар. Сол қаншалықты дұрыс? Сәуле Бақыт.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сіз айтып отырған хадис Әбу Шүжаъ әд-Дәйләми (1053-1115 м.ж.) есімді хадисшінің «Фирдаус әл-Ахбар» атты хадис жинағында келтіріледі. Сахаба Әнәс ибн Мәликтен риуаят етілген ол хадисте былай делінген:

«Кімде-кім дәрет алып болып, ізінше «Иннә әнзәлнәһу фи ләйләтиль қадр» сүресін бір мәрте оқыса, ол шыншылдардан болады. Кім екі мәрте оқыса, шейіттер қатарынан жазылып қояды. Ал, үш мәрте оқыған кісіні, қиямет күні Алла пайғамбарлармен бірге тірілтеді»[1].   

Хадисті риуаят етушілер тізбегінде Әбу Убайда есімді кісіге Имам Суюти «мәжһул», яғни, «беймәлім кісі» деп баға берген[2]. Сондықтан да, хадисті әлсіз деуге негіз бар.  

Әйтсе де, әлсіз хадистермен мұстахаб істерде амал етуге рұқсат. Сондықтан да, осы дерекке сүйеніп, дәреттен соң «Қадір» сүресін оқып жатсаңыз, күнә жасаған боп саналмайсыз. Ханафи фиқһ кітаптарында да аталмыш сүрені оқудың мұстахаб екендігі тілге тиек етіледі[3].


[1] Кәнзуль Ъуммал – «Қисму «әт-То»». 9/132 бет.
[2] Имам Суюти, «әл-Хауи лил-Фәтәуа».
[3] Әш-Шүрунбуләли, «Имдәд». 

Абдусамат Қасым