Автобуста отырып ұйықтаса, дәрет бұзылмайды дейді. Осы рас па?
Автобуста отырып ұйықтаса, дәрет бұзылмайды дейді. Осы рас па?
6 жыл бұрын 24985

Әссәләмуғалейкум! Автобуста отырып ұйықтасам, дəрет алмасам бола ма? – деген сұраққа  Әбу Әли «Иә» деп жауап беріпті. Сіз не дейсіз бұған?Бейбіт.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Автобуста орындыққа жастанып отырып, айналасын естімейтіндей дәрежеде ұйқыға кеткен кісінің дәреті бұзылады деуге негіз бар. Өйткені, бұл халдегі адамның буын-буыны босап, өзіне деген беріктігін жоғалтары сөзсіз. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Көз – жамбастың байлауы. Егер, көз ұйқыға кетсе, байлау босайды»[1].

Сахаба Абдулла ибн Аббастан риуаят етілген басқа бір хадисте былай делінеді:

«Сәждеде ұйықтаған кісіге жатқанға шейін дәрет керек емес. Жатқан жағдайда оның буын-буыны босайды (сондықтан да дәрет бұзылады)»[2].

Аталмыш хадистерден де түсінгеніміздей: жатып ұйықтағандағы дәреттің бұзылуының негізгі «илләті» (себебі) – адамның буындары босап, бекемдігін жоғалтып алуы болып табылады. Бұл уәжімізге Ханафи ғалымы Зафар әт-Тәһәнәуидің (р.а.) мына сөзі де дәлел:

«Ибн Аббастың риуаятындағы «буындарының босаңсуы» деген сөздің мәні тақырыпты аша түсері анық. Шынында, бұл жерде Алла елшісі (с.а.у.) буынның босаңсуын  - жатып ұйықтаған кездегі дәреттің бұзылуының илләті етіп отыр...»[3].

Ал, енді, автобустың орындығына жастанып, айналасын естіместей ұйқыға кеткен жағдайда, адамның буын-буыны босап, еркін күйге ауысатыны айтпасақ та белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, оның бұл күйі жатып ұйықтаған адамның күйімен пара-пар деуге болады. Бұл жағдайды Ханафи ғалымдарының бір сыпырасы: 

«Егер, сүйенген заты жойылған жағдайда құлап қалатындай (ұйқыда) болса...»[4],

- деп түсіндірген. Олай деушілердің арасында ғұлама Имам Тахауи, Имам Құдури, Имам Маусили, ғалым Мәрғинәни сынды көптеген беделді ханафи ғұламалары бар[5]. Имам  Кәсәни айтады: «Осы тұжырымды көп шейхтарымыз арқау еткен», - дейді[6].

Оның мәнін Ханафи ғалымы Имам Әбу Бәкр әл-Жассас былайша баяндайды:

«Себебі, адам мұндай халде сүйенбей ұйықтағанның халіндей емес, жатып ұйқтаған адамның халімен теңдей дәрежеде үйқыдағы ауыр күйді бастан кешіріп отыр»[7].  

Ендігі жерде, сүйеніп ұйықтаса да дәрет бұзылмайды деген тұжырымға келелік.

Фиқһ кітаптарында мынадай бір дерек бар. Онда Имам Әбу Юсуф (р.а.):

«Мен Әбу Ханифадан тірекке немесе бір адамға сүйеніп ұйықтаған кезде, ол екеуінсіз өзіне бекем бола алмайтын кісі жайында сұрадым. Сонда Ол (р.а.): «Егер, жамбасы жерде мығым болса, дәрет қажет емес», - деп жауап берді», - дейді.

Осыдан келіп, Ханафи ғалымдарының басқа бір бөлігі: «Мәзхаб бойынша, сүйеніп ұйықтаған кезде (екі) жамбасы жерден кетпесе, дәрет бұзылмайды», - деген тоқтамға келген. Ибн Нүжейм айтады: «Осыны көпшілік шейхтар құп көрген. Және бұл ең дұрысы. Ал, жамбасы орнынан кетсе (мысалы, бір жамбастап отырып, сүйеніп ұйықтаса), онда дәреттің бұзылатындығында ешкімнің дауы жоқ», - дейді[8].

Дегенмен, ғұлама «мухаққиқ» Ибн Һумам (р.а.) «Һидаяға» жазған шархында: «Мәзһаб бойынша, Әбу Ханифадан жеткен пәтуада, бір нәрсе шығып кетпейтіндей мығым отырса, сүйеніп ұйқтау – дәретті бұзбайды», - дейді де артынан:

«Сүйеніп ұйықтаудың өзінде кейде жатып ұйықтағандағы күйге ұқсас, тек сүйеу ғана ұстап тұратындай жағдай орын алып жататыны рас. Ондай кезде, жамбастың бекем орнығуы буындардың тым қатты босаңсуының салдарынан, (жел)  шығып кетуіне кедергі жасай алмай қалады. Өйткені, кейде итермелеуші нәрсе (яғни, жел), (сүйеніп ұйқтаған) адамға бой бермеуі мүмкін. Әсіресе, адамдар көп тамақ ішетін біздің заманда. Ондайда, оны тек ояу кездегі ұстамдық қана тоқтата алады»,

- деп түйіндейді[9].

Ардақты ғұламаның бұл түйіндемесі аталмыш мәселеде "сүйеніп ұйықтаса, дәрет бұзылмайды" деген пікірдің шын мәнісінде мызғымас қағида емес, керісінше талқыға ашық тұжырым екендігін көрсетеді.  

Қорытынды:

Екі топ ғұламалардың екеуі де түбінде бір негізге табан тіреп отырғандығы жасырын емес. Ол – қандай тәрізде ұйықтаса да жел шықса, дәрет бұзылады деген қағида.

Алайда, Пайғамбарымыздың өлшемін негізге алған бірінші топ ғалымдар: сүйеніп ұйықтаған адамның буындары босап, бекемдігі жоғалатындықтан, жел шығып кету ықтималдығы тұрғысынан алып қарағанда жатып ұйықтаған адаммен тең. Сондықтан да, дәретті бұзады деп есептеген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа бастаған екінші топ ғұламалар болса, желдің шығуын негізге алып: егер сүйеніп ұйықтаған күннің өзінде, жел шықпайтындай мығым отырса, дәрет бұзылмайды деп тұжырымдаған.

Негізінен алғанда, аталмыш мәселеде екі тұжырымның қай-қайсысын алсақ та қате емес. Өйткені, екіншісін «асахх», яғни, «ең дұрысы» деген ғалымдар бірінші тұжырымның да бұрыс емес екендігін мойындап отыр. Біріншісін қате деген ешкім жоқ. Қате деп те айтуға келмейді. Неге десеңіз, қайта бірінші тұжырым, сақтық тұрғысынан абзалырақ екендігі айтпасақ та белгілі.  

Тоқ етері: 

Осыған орай, автобуста немесе көлікте орындыққа жайғасып отырып, айналасын естімейтіндей дәрежеде ұйқыға кеткен кісі дәретін жаңалағаны дұрыс. Мұндай күйдегі адамның ағзалары босаңсып, қырағылығын жоғалту нәтижесінде дәрет бұзатын жағдайдың туындау ықтималдығы басым.   

Ал, айналасында айтылып жатқан нәрселерді еститіндей дәрежеде ұйқылы-ойяу күйде ұйықтаса, ол жеңіл көз ілгендік болмақ. Оған бола дәрет бұзылмайды[10].

Ең дұрысы – Ұлы Аллаға мәлім! Әлхамдулиллаһи раббиль алямин. 


[1] Ахмад ибн Ханбәл: Мүснәд; Әбу Дәуід: Сүнән. Т.б. Әлсіз деп баға берген хадисшілер бар.
[2] Ахмәд ибн Ханбәл: Мүснәд - №2313 хадис; Тирмизи: Сүнән - №77 хадис; Мәжмуъуз зәуәид: «Рижәлуһу Мәусиқуун».
[3] Әт-Тәһәнәуи: Иълә-ус сүнән – 1/129 бет.
[4] Әл-Кәсәни: Бәдәиъ – 1/254.
[5] Имам Тахауи: Мухтасар  уә шархуһу. «Китабут тахарат». 1/379 бет: «Бір нәрсеге сүйеніп ұйықтаған адам, егер онысы жойылған кезде құлап кетердей күйде болса, оған дәрет алу керек»
  Имам Маусули: Ихтияр. 1/53 бет: «Жатып ұйықтау дәретті бұзады. Сол секілді, (бір жамбасын көтеріп) таянып ұйықтау да және сүйеніп ұйықтау да дәретті бұзады».
  Имам Қудури: Лүбәб. 1/37:  «Дәретті бұзатын жағдайлар: Жатып ұйықтау немесе таянып ұйықтау (яғни, бір жамбасын көтеріп), яки, сүйенген зат жойылғанда құлап қалардай күйде бір нәрсеге сүйеніп ұйықтау...».
[6] Әл-Кәсәни: Бәдәиъ – 1/254 бет.
[7] Имам Жассас: Шарху Мухтасарит Тахауи – 1/379 бет.
[8] Ибн Нүжейм: Бахрур Раиқ – 1/73 бет.
[9] Ибн Һумам: Фатхуль қадир – 1/49 бет.
[10] Әл-Мухитуль Бурхани – 1/69 бет. 

Абдусамат Қасым