Вакцина егуге шариғат қалай қарайды?
Вакцина егуге шариғат қалай қарайды?
11 жыл бұрын 12748

Сәлеметсіздер ме! Сіздерден сұрайын дегенім укол салдырып, вакцина ектіруге бола ма? Түрлі пікір айтылып жатыр. Өткенде нур.кз сайтынан осыған байланысты намазхан кісілер тарапынан қарсылық білдіргендіктері жайында оқығаным бар еді, соған сіздер не дейсіздер? Айша

Сәлеметсіз бе, Айша!

Жалпы алғанда укол арқылы ем қабылдаудың дінімізге еш бір терістігі жоқ. Ислам науқастанған адамды ем іздеуге шақырады.  Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.):  Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар» [1], – деп емделу керектігін айтқан. Укол арқылы ем қабылдау да осыған жатады.

Бірақ қабылдайтын дәрінің немесе вакцинаның денсаулыққа зияны тисе немесе пайдасынан зияны көбірек болып жатса яки зияны да, пайдасы да тең дәрежеде болса, оны қабылдаудан гөрі емнің басқа жолын іздеген дұрыс. Себебі дініміз: «Зиян беру де, зиянға ұшырау да жоқ»,  «Бір нәрсенің зиянды жағын жою, пайдалы жағына қол жеткізуден бұрын қарастырылады»,  «Зарар өзімен тең дәрежелі өзге зарармен жойылмайды»[2] - дейді.

Ал қандайда бір дәрінің немесе вакцинаның денсаулыққа зияны барын анықтау Мемлекеттік Денсаулық Сақтау министірлігінің еңшісіндегі дүние.

Интернет парақшаларына үңіліп қарасақ, Вакцинаның зиянды жақтары  мен пайдалы жақтарын жақтаған жазбаларды табу қиын емес. Мысалы, http://www.halyksozi.kz  сайтында вакцина жайында әңгіме қозғау барысында мынадай статистиканы алға тартады: 

Мәселен, 1997 жылы Жаңатас қаласында 153 бала вакцинадан зиян шеккен. Олардың екеуі артық мөлшерде берілген дәріден қаза тапқаны белгілі. Сондай-ақ 2004 жылы Сербияда жасалған вакцинаның салдарынан елімізде 100-ден астам нәресте лимфаденит ауруына шалдығып, көбі осы вакцинадан соң операция жасатып, аса ауыр антибиотиктермен емделуге мәжбүр болған еді. 2009 жылы да көктем кезінде Ақтау қаласында қазіргі қолданылып жүрген жапондық БЦЖ екпесі салынған 4 сәби тубостит (сүйек туберкулезі) ауруына ұшыраған екен...»[3] 

http://kz.zaman.com.tr/kz  сайтында аталмыш тақырыпты талқылау барысында бірнеше мамандардың пікірін берген. Соның бірінде былай делінеді:

«Т.Ф. Оттен және А.В. Васильев есімді авторлар өздерінің «Микобактериоз» атты еңбегінде аталмыш екпеге мынадай анықтама береді: «БЦЖ — адам ағзасына деген патогенді әсері жасанды ортада төмендетілген сиыр туберкулезі бацилласы атты тірі вирустан жасалатын вакцина. Ағзаға енгізілген бұл вирус иммунитет тудырып, келешекте адамның туберкулезге шалдықпауына септігін тигізуге бағытталған». Ресей Ғылым Академиясының академигі, иммунология институтының директоры Рахим Хаитов бұл ретте мынадай мәлімдеме жасады: «Осыдан 20-30 жыл бұрын қолданылған вакциналардың көбі зиянды болды. Бұл «компот» - алюминиймен қосылған микробтар мен басқа да көптеген құрамдас бөліктер – болды. Бүгін бұл технологиялар  қолданылмайды.  Біз жаңа заман – генді-инженерлік вакциналарға иеміз. Олар өте таза және дәрілерге ұқсас».

Ал, Алматыдағы №7 қалалық балалар емханасының дәрігері, иммунолог Нагорная Светлана Ивановна екпенің кері әсерлері тым асыра көрсетіліп отырғанын мәлімдейді:

«Балаға енгізілетін БЦЖ мөлшері 0,05 мл ғана. Бұл ретте кінәні екпеден емес, оны егетін дәрігерлерден іздеу керек. Екпенің мөлшері дұрыс болса, терінің астына емес, ішіне, яғни дұрыс әдіспен енгізілсе, сонымен қатар тек денсаулығы қалыпты балаларға ғана енгізілсе еш қиындық туындамайды».

Елімізде сербиялық және ресейлік вакциналар қолданыстан алынды, енді ата-аналарға дәрігерлеріміздің ұқыптылығы мен қолданыстағы жапондық екпелердің сапалы әрі қауіпсіз болуына сенім арту ғана қалып отыр... 

...Медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог Р.С.Аманжолова БЦЖ, АКДС, т.б. вакциналарды қояндарға енгізу арқылы тәжірибе жасады. Нәтижесінде бесінші ұрпақта бірде-бір қоянның репродуктивтік жасқа жетпегені, қалған жағдайда тұқымның 75% қайтыс болғаны, тірі қалғандарының мінез-құлқының өзгергені (қояндар бірін-бірі жаралай бастады, т.б.) анықталды. Паталогиялардың орын алуын Раиса Садыққызы вакциналардың табиғи қорғанысты аттап, бірден тері ішіне енгізілуімен байланыстырады. Яғни сыртқы қауіптен тері, асқорыту жүйесі, тыныс алу мүшелері арқылы қорғанатын адам ағзасы күтпеген жерден бірден вирустық шабуылға душар болады. Үнемі жалғасатын мұндай күрес иммундық жүйені едәуір әлсіретеді екен[4].     

http://massaget.kz/ сайтында берілген мәліметке қарағанда, осыдан 30-40 жыл бұрын қызылша немесе дифтерия  инфекцияларының кесірінен балалар өлімі жиі орын алатын еді. Көксау (коклюшный) жөтелі ауыл-аймақтағы, қаладағы әрбір үйден естілетін. Жер шарындағы бар халықты жайлаған табиғи оспаның көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегімен  жойылды. Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кең етек алды. Айта кетелік, ең соңғы рет полиомиелит елімізде 1995 жылы тіркелді. Осылайша вакцинаны халыққа түгелдей егудің арқасында біз адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін көптеген ауруларды ұмыта бастадық. Кейбір ата-аналар бұл аурулар жайлы мүлде хабарсыз. Аталған шаралар тұтас бір халықты полиомиелит, қызылша, қызамық, дифтерия, тырысқақ, көксау, туберкулез, «В» гепатиті, эпидемиялық паротит сияқты инфекциялардан қорғайтын ең тиімді тәсіл. Вакциацияның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті көзін түгелдей жоюға да болады[5].

Байқағанымыздай, вакциналардың пайдалы жақтарымен қоса зиянды жақтары да бар екен. Сондай-ақ, залалы кейбір дәрігерлердің көрсеткен салғырттығынан да туындап жататынға ұқсайды. Сондықтан білікті медицина мамандары терең зерттеу жүргізіп, кімдерге егуге болады, кімдерге болмайды, осыларды анықтап, халықтың көзін ашу жұмыстарын жүргізулері керек. Дәрігерлер бұған аса жауапкершілікпен қарап, қырағылық танытулары ләзім.

[1] Тирмизи – 4/383
[2] Шархул Қауағидил Фиқһия
[3] http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2269
[4] http://kz.zaman.com.tr/kz/
[5] http://massaget.kz/bastangy/Zdorove/5530

Абдусамат Қасым