Темекі шегу жайында ертеректе ғалымдар не деген?
Темекі шегу жайында ертеректе ғалымдар не деген?
10 жыл бұрын 41608

Әссәләмуғалейкум! Темекі тартуға бола ма? Құран мен сүннетте ол туралы айтылмаған, әрі ғалымдар бұл туралы екіге бөлінген. Бұл жерде өзін таңдасан да болады ғой? Салман.

Уағалейкумсалам! Құрметті Салман, темекі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында болмағандықтан, оның нақты үкімі Құранда немесе хадистерде айтылмағаны рас. Осы себепті 20-ші ғасырға дейін, дәлірек айтқанда темекінің зияны анықталғанға шейін, Ислам ғалымдары үш түрлі тұжырымды алға тартып келді: 1. Мәкрүһ; 2.Мубах (рұқсат); 3.Харам.   

Темекіні рұқсат деген ғалымдардың уәжі: Бір нәрсені харам немесе мәкрүһ деген үкімге байлауымыз үшін, міндетті түрде шариғи дәлел керек. Ал, бұл мәселеде шариғи дәлелдің жоғы анық. Оның үстіне темекінің залалдығы немесе мас ететіндігі яки буын-буынды алып қоятындығы анықталмаған. Ендеше темекіні де «Әр нәрсенің үкімі – рұқсатқа байланған» деген қағида аясына жатқызуымыз тиіс (әл-аслу фил әшиә’ – әл-Ибаха).

Мәкрүһ дегендердің уәжі: Пайғамбарымыз (с.а.у.) сарымсақ жеп, мешітке келуді мәкрүһ санаған. Өйткені сарымсақтан жағымсыз иіс шығады. Темекі шеккен кісінің де аузынан жағымсыз иіс шығатындықтан, оған әуестену мәкрүһ.

Харам дегендердің айтуы бойынша: Темекі адамды мас қылмағанымен, оны тартқан кісінің буын-буынын босатып, әлсіздендіреді. Ал Ахмед ибн Ханбәлдің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта: «Алла елшісі барлық мас етуші және буын-буынды алып қоюшы заттардан тыйды», - делінген. Сондықтан темекіні де «харам» деуіміз заңды[1].

Бұл мәселенің тоқетерін ертеректе өмір сүрген Ханафи ғалымдарының бірі былай түйіндейді:

«Темекіні халал немесе харамдығын айқындауымыз үшін, екі негізге сүйенеміз: Біріншісі - «Әр пайдалы нәрсенің үкімі – рұқсатқа байланған» деген қағида. Екіншісі – «Әр зиянды нәрсенің үкімі – харамға байланған» дейтін қағида... Сондықтан да, темекінің еш пайдасы жоқ, зарарлы екендігі  анықталып жатса, онда оған «харам» деп пәтуа беруге болады. Ал анықталмаған жағдайда, «халал» деп пәтуа беріледі»[2]

Қорытындылай келе айтарымыз: Қазіргі таңда темекінің адам баласына тигізер зияны шаш-етектен екені дәлелденіп отыр. Бүгінде  ешбір медицина маманы мұны жоққа шығармайды. Осыған сәйкес, осы күнгі Ислам ғалымдары да бір ауыздан «темекі шегу–харам» деген тоқтамға келіп отыр. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Ибн Ғабидин: Раддул Мухтар – 10/43 бет.
[2] Әл-Фәтәуә әл-Хамидия – мәсәилун уә фәуәидун шәтта – шурбуд духан.

Абдусамат Қасым