Ассалаумағалейкум! Қазір садху тақтасы деген шыққан. Шегесі бар тақтаға жалаң аяқ тұрады. Соған не дейсіз? Діни тұрғыда дұрыс па?
"Шегеге тұру терапиясына (садху) не дейсіз?"
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Кейбір мәліметтерге қарағанда, «садха" тақтайына тұру жаттығуы - «Бхишма» есімді тарихи бір тұлғаға деген сенімнен бастау алады. Көк құдайының жер бетіндегі бейнесі болып саналатын Бхишма, шайқастың бірінде денесіне көптеген садақ оқтары қадалып, сол заматта денесі жерге тимей бейнебір істік садақ оқтарынан құралған төсекте жатқандай, арқасына садақ оқтары қадалған күйі, елу сегіз күн бойы жатыпты-мыс, осылайша өзінің өмірін ұзартқан көрінеді. Осыдан келіп, шегеге жату үрдісі төзімділік пен рухани тазарудың нышаны ретінде йога сенімінде пайда болғанға ұқсайды. Йога сенімінде оны үлкен рухани деңгейге жету деп түсінеді, «садха» атауының да мағынасы - «киелі, әулие» деген ұғымға саяды.
Садха тақтайшасына тұрудың денсаулыққа пайдасы дәстүрлі медицинада нақты дәлелденбеген. Ақпарға қарағанда кейбір дәрігер мамандар «шегеге тұру терапиясын» арнайы бір емдеу тәсілі ретінде қарауға қарсы. Керісінше, арнайы маманның қадағалауында жаттықпаса, шеге адам денесіне зиян тигізуі де мүмкін.
Шариғи тұрғыдан алғанда, Исламда екі түрлі ем жолы бар. Бірі - дәстүрлі медицина арқылы емделу. Екіншісі - Құран сүрелері мен хадистерде келтірілген арнайы дұғалар арқылы емделу. Садха тақтайына тұрудың денсаулыққа берер емдік қасиетінің бары дәстүрлі медицина ғылымында дәлелденбегендіктен, оның пайдалы екендігі күмәнді. Және де, садха тақтайы белгілі ауру түрін емдеуден гөрі, көбіне адамның эмоцияналды жай-күйін реттеуші әдіс ретінде қаралатындығын назарға алсақ, Исламда да адамның ішкі жан дүниесін тыныштандырар тәсілдер реттелгені белгілі, айталық, Құран оқу, тәспі тарту, жамағатпен намаз оқу, ораза ұстау. Бұлардың бәрі тек құлшылық қана емес, адамның рухани азығы ретінде де есептеледі. Сондықтан, шегеге тұрып қиналғаннан гөрі, мұсылман дінінің құлшылық түрлерін орындау арқылы да рухани баюға болады.
Оның үстіне, шегеге тұру әдісінің йога сенімінен бастау алуы да діни тұрғыда көкейге күмән ұялатады, өйткені, дінімізде өзге жалған діндердің құлшылық түрлерін орындауға болмайды, осы жөнінен қарағанда да «садха тақтайына тұру» жаттығуын орындауға құмартпаған абзал дер едік. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!