Сақал трансплантациясын (сақал ектіру) жасауға бола ма?
Сақал трансплантациясын (сақал ектіру) жасауға бола ма?
2 жыл бұрын 3083

Шариғатымызда, дененің шашы бар жерлерден алып, басыңның шашы түсіп қалған жерлерге және сақалыңды өсуруге қалай болады екен? Мұрат

Шашты трансплантациялау – денедегі шаш немесе шаш орналасқан жерден ұлпа алынып, оны дененің басқа аймағына қою процесі шашты трансплантациялау деп аталады. Басқаша айтқанда, адамның басындағы, сондай-ақ мұрт, сақал, қас, кірпік аймағындағы шашты хирургиялық жолмен қалпына келтіру әдісі.

Діндегі үкімін айтқанда, басындағы шашы түсіп, тазы болып қалған кісілердің шаш трансплантациялау арқылы шаш ектірулері - емдеудің бір түрі болғандықтан, шариғи тұрғыда ағаттығы жоқ. Алайда, сирек сақалды қалыңдату мақсатында сақал трансплантациясын жасау, яғни сақал ектіру, емдеу болып есептелмейтіндіктен, хадисте айтылған «әсемдік үшін Алланың жаратқаның өзгерту»[1] болып саналады дейді қазіргі дін мамандары. Сондықтан да, тек әсемдік үшін жаратылысынан көсе немесе жаратылысынан сирек сақалды хирургиялық тәсілмен трансплантация жасатып, сақал ектіру ұнамсыз тірлік дейді олар. Алайда, мысалы, тері ауруы, күйік, отадан қалған тыртық т.б. себептердің салдарынан сақалының немесе мұртынын бір бөлігі шықпай қалған кісілер, ол жерлерге сақал ектіруге болады, себебі ондай жағдайда онысы «емдеу» санатына жататындықтан, әбес емес. Сондай-ақ, бір сырқаттық себепті немесе күйік себепті түсіп қалған қас, кірпіктерін де трансплантация арқылы қалпына келтіруге болады.

Тоқ етерін айтқанда, шаш пен сақалды трансплантациялау – емдік мақсатта жүзеге асса, оған рұқсат. Ал бірақ, онсыз да тәуір шашын немесе жаратылысынан көсе, не, сирек сақалын әсемдік үшін қалыңдатайын деген мақсатта трансплантациялау әдісіне жүгіну құпталмайтын іс. Осы тұрғыда, сақал өсіруге арналған зиянсыз майларды жағудың әбестігі жоқ.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Сахаба Абдулла ибн Мәсғуд: «Мен пайғамбарымыздың қастарын тергізген әйелдер мен әсемдік үшін тістерінің арасын егеулеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен әйелдерге лағынет айтқанын естідім». («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім»).

Абдусамат Қасым