Қарызымды өтеу үшін бүйрегімді сатсам бола ма?
Қарызымды өтеу үшін бүйрегімді сатсам бола ма?
2 жыл бұрын 2898

Ассаләмуғалейкум! Қарызымды өтеуге бүйрегімді сатуды ойлаған едім, дінде қалай? Анон.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, «менікі деп жүргеннің бәрі онікі» деп Абай атамыз жырлағандай біздің денеміз және ондағы ағзалар Жаратушыға тән болып, олар бізге аманат ретінде берілген. Сондықтан да, адам баласы өміріне қастық жасай алмайтыны сияқты, ағзаларын да саудаға сала алмайды. Адам өзінің ағзасын қандай мақсатта болса да сатуын қазіргі дін ғұламалары бір ауыздан күнә деп есептеген. Бұған байланысты 1988 жылы өткен Халықаралық Ислам фиқһ кеңесінің IV отырысында қабыл етілген қаулысының бірінде былай делінеді:

 إذ لا يجوز إخضاع أعضاء الإنسان للبيع بحال ما.

«Қандай жағдайда да адам баласының ағзаларын сатылымға шығаруға болмайды»1

Донор болуға бола ма?

Тек, біреудің өмірін құтқарып қалу мақсатында донор болып, өзіндегі кейбір ағзаны сырқат адамға сыйлауына ерікті, бірақ онда да жүрек сияқты өмір сүруіне тікелей қатысы бар ағзаларының бірін донорлыққа бере алмайды және өміріне аса қажетті, негізгі функционалды ағзаларын да өзгеге трансплантация жасауына жол жоқ, харам2.

Ендеше, Ислам дінінде қарызды өтеу үшін және сол сияқты басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында ағзаларының бірін сатуы - харам, ауыр күнә. Оның орнына ризық беруші Алладан жәрдем тілеп, қарыздан құтылудың өзге адал жолдарын іздестірген жөн. Осы тұрғыда мына бір дұғаны ұсынудың орны келіп тұрған сияқты. Екі рәкәғат намаз оқып, Аллаға алақан жайып, осы дұғаны оқысаңыз, Жаратушы Иеміз өзінің тығырыққа тірелген пендесін жалғыз қалдырмайтыны сөзсіз. Бұл дұға Әзіреті Әлиден жеткен. Әзіреті Әлидің халифа болып тұрған шағында бір адам келіп: 

- «Уә, мүміндердің әмірі! Мен «мүкәтәба»3 қарызымды өтеуге қауқарсыз болып тұрмын. Көмек берші!» - деп өтінеді.

Сонда Әзіреті Әли: 

- «Саған Пайғамбарымыздың маған үйреткен сөздерді үйретейін бе? (Егер, соны оқысаң) Сир тауындай4 қарызың болса да Алла тағала оны сенің орнына өтейді (күтпеген жерден ризықтандырып қояды)», - деп, мына бір дұғаны үйреткен екен:

«Аллаһуммәк финии бихәләликә ан харомик. Уә ағнинии бифазликә аммән сиуәәк!».

Мағынасы: «О, Алла! Адал нәрселеріңді беріп, мені харам нәрселерден ұзақ ет. Және өзіңнің фазыл-берекетіңнен беріп, өзіңнен басқаға мұқтаж етпе!»5 

Алла Тағала қарызы бар пенделерінің қарыздарынан ертерек құтылуларына жәрдем етсін!

Абдусамат Қасым


1 Мәжмәъул Фиқһиль Исләми әд-Дуәли (Халықаралық Ислам фиқһ кеңесі), 1988 жыл, Жидда қаласы, Сауд Арабия.
2Трансплантация жайында толығырақ «Трансплантация: Донор болудың шариғаттағы үкімі қандай?» атты жазбамызды оқи аласыздар. 
Мүкәтәба – құлдың өз азаттығын белгілі ақшаға сатып алу мақсатында қожайынымен жасасқан келісім шарт.
Сир тауы – Медине қаласының солтүстік батысында орналасқан үңгірлі тау.
Тирмизи, "Сүнәнә". №3515; әл-Хаким, "әл-мүстәдрак". №1907 хадис.