Қандай жағдайда шариғат түсік (аборт) жасатуға рұқсат береді?
Қандай жағдайда шариғат түсік (аборт) жасатуға рұқсат береді?
9 жыл бұрын 109348

1.Әссәләмуғалейкум! Аяғы ауыр болмас бұрын, әпкем қызылша (корь) аурумен ауырып қалды. Дәрігер тәтеміз бар. Ол бізге бала кемтар (урод) болып туылады деді. Сондықтан, аборт жасауды кеңес етті. Шариғатымыз не дейді осыған. Аборт жасату керекпіз бе?  А.Ж.

2.Әссәләмуғалейкум! Қандай жағдайда Исламда аборт жасатуға болады? А.М.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракатуһ!

Шариғатта ана жатырындағы эмбрионның жаратылыс белгілері байқалып, жан біткен шақалақты «жәнин» деп атайды.

Ана жатырында пайда болған шақалақтың яғни, «жәниннің» өмір сүру құқығын Жаратушының өзі берген. Сондықтан да, оны өмірге келу құқынан ешкімнің айыруға қақысы жоқ,

Ал, жәниннің өліміне себепкер болған адамға шариғат «ғұрра» құнын төлеу жазасын міндеттейді. Ғұрра құны ‒ елу алтын динар (шамамен 212,5 грамм алтын) немесе бес жүз күміс дирхам ақшаға (шамамен 1500 грамм күміс) тең келеді. 

Бұл дегеніміз, ана жатырына түскен ұрық белгілі мерзім ішінде дамып, адами ағзалары белгілі бола бастағанда, дәлірек айтқанда рух үрленіп, жан біткеннен кейін түсік жасату "харам" болады деген сөз.

Ал, енді, жан бітпей жатып, басқаша айтқанда, «жәнин» шағына жетпей тұрып, түсік жасатуға бола ма? ‒ деген мәселеге ертеректегі Ханафи ғалымдары екі түрлі пікір білдірген:

  • Бірінші пікірдегі Ханафи ғалымдары ‒ жан бітпей жатып және адами ағзалары белгілі болмай тұрып түсік жасатуға болады. Бұның уақыты шамамен 120-күндей.
  • Екінші пікірдегі Ханафи ғалымдары бойынша, тек, аса зәру жағдайда ғана түсік жасатуға рұқсат. Үзір болмаса, жүктіліктің қай кезеңінде болса да түсік жасатуға рұқсат жоқ.  

2. Мәлики мәзхабындағы ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, ана жатырына орналасқан эмбрионға мүлдем түсік жасатуға болмайды. Мейлі, қырық күнге толсын толмасын және жан бітсін бітпесін, үкім осы. Ананың бойына бала біткен күннен бастап, ол шақалақ ‒ «жәнин» үкімінде. Үзірсіз түсік жасатқан адам немесе түсік жасауға себепкер болған адам «ғұрра» құнын төлейді.  

3. Шәфиғи мәзхабындағы ғалымдардың бір тобы: «Қырық күнге дейін шақалаққа жан бітпейді. Сондықтан, осы мерзімге дейінгі уақытта түсік жасатуға болады» ‒ десе, басқа бір тобы: «аналық ұрық пен аталық ұрық бірігіп, жатырға орналасқан күннен бастап, эмбрионға жан кіруге дайын тұрады. Демек, адам болуына кедергі жасау ‒ күнә» ‒ дей келе бұл мерзімде де түсік жасатуға қарсылық білдірген.

Демек, ертеректегі Ханафи ғалымдарының есебі бойынша, іштегі шақалаққа жан 120 (жүз жиырма) күнде бітеді. Ал, Шафиғи мәзхабында оның мерзімі ‒ 40 (қырық) күн.

Медициналық тұрғыда:

Қазіргі медицина бойынша, бірінші  айдың соңына дейін эмбрион шамамен 1 мм өседі (шамамен18 (он сегіз) күн). Бұл кезде адамның кейпіне келмейді, тек бір созылған үтір сияқты болып көрінеді. Осы кезде, ағзалары белгілі болмағанымен жүрегі соға бастайды екен. Сондықтан, дене-бітімі әлі қалыптаспағанымен жүрегі соға бастауын негізге алған қазіргі кейбір дін мамандары, жүрегі соға бастаған уақыттан кейін үзірсіз түсік жасатуға болмайды дейді. 

Мәлімет ретінде айта кетелік, медицина саласында жүктіліктің 12-аптасына дейін әйелдің қалауына орай түсік орындалады. Одан ары қарай 12 мен 28 апта аралығындағы уақыттарда тек білікті дәрігерлердің нұсқауымен ғана түсік жасауға рұқсат етіледі. Бірақ, медицинаның өзінде абортты жүктіліктің 5-аптасына дейін жасаған абзал екендігі айтылады, яғни, 35 күн. Бұл ескілікті кейбір Ислам ғалымдарының «40 күнге дейін рұқсат» деген тұжырымына жақын.  

Қорытынды:

Бұрынғы мәзхаб ғұламаларының Құран аяты мен хадистер аясында берген пәтуаларын негізге ала отырып, қазіргі таңдағы дін мамандары түсік жасату мәселесін былайша реттеп көрсеткен:

  1. 120 (жүз жиырма) күн өткен болса, түсік жасату харам. Аталық ұрық пен аналық ұрық бірігіп, жатырға орналасқан күннен бастап есептегенде 120 (жүз жиырма) күн толған болса, түсік жасату харам, күнә. Бұл мерзімде түсік жасату тек, ана өміріне қауіп төндіретіндігі нақты белгілі болған жағдайда ғана рұқсат.
  2. 40 күн. Қырық күнге дейінгі мерзімде ерлі-зайыптылардың өзара шешімдерімен түсік жасатуларына рұқсат.
  3. 40 күн мен 120 күн арасы. Қырық күн мен жүз жиырма күн арасында тек мына екі жағдайда ғана түсік жасатуға рұқсат етіледі:
    • Бала көтеру ананың денсаулығына елеулі зардап алып келетіндігі білікті дәрігерлер тарапынан анықталып, сол зардап босанғаннан кейін де жалғасын табатындығы нақтыланса;
    • Немесе іштегі баланың жазылуы неғайбыл кемтар болып туылатындығы білікті дәрігерлер тарапынан нақтыланған болса.

Бұл айтып өткеніміз ‒ Кувейт мемлекетіндегі Пәтуа мәжілісінің 1984 жылы, қыркүйектің 29-күні шығарылған қаулысына сүйенеді. Алайда, мүлдем түсік жасатуға қарсы болған қазіргі таңдағы дін ғұламалары да жоқ емес.

Түйін сөз:

Барлық ғалымдарымыздың ортақ тұсы ‒ жатырдағы эмбрионға жан бітіп, адами ағзалары біліне бастаған шақалаққа түсік жасату харам. Тек, ана өміріне қауіп төнсе, денсаулығына айтарлықтай зақым келетін болса, яки, дүниеге келгеннен соң жазылмайтындай кемтар болып туылатындығы білікті мамандар тарапынан нақтыланса ғана рұқсат делінген. Сондай-ақ, мүлдем түсік жасатуға қарсы болған ғалымдардың пікірін де назарға ала отырып айтарымыз, жүктіліктің қай кезеңінде де жоғарыда айтылған зәру жағдайлар болмаса, мүмкіндігінше түсік жасатпаған жөн. 


Пайдаланған әдебиеттер:
1) Бахрур Раиқ, Китабун Никах. Бәбу никахир рақиқ;
2) Ибн Ғабидин әл-Һадияту Алаия – 205 бет.
3) Мәжәлләту мәжмаъил Фиқһил Исләми.
4) Кувейт мемлекетіндегі Пәтуа мәжілісінің 1984 жылы, 29-қыркүйек күні шығарған қаулысы бойынша.
5) Қудус Исләми Пәтуа мәжілісі http://www.fatawah.com/Questions/11968.aspx
6) Доктор Хусайни Сүлейман Жад, Уәсиқа

7) Профессор, Доктор Али Қарадағи, «әл-Қадая ат-Тыббия».
8) http://euro-medicina.ru/ 

Абдусамат Қасым