Ассаламуалейкум! Power Balance браслетінің үкімі қандай? Сырым Рахымжан
Power Balance білезігіне (браслет) шариғат не дейді?
|
Уағалейкумсалам! Құрметті Сырым, деректерге қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні білегіне білезік тәріздес нәрсе тағып алған ер кісіні көреді. Пайғамбарымыз одан:
- Мынауың не? - деп сұрайды.
- Бұл дәрменсіздікке қарсы[1], - деп жауап береді әлгі кісі. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған:
- Бұл сенің тек дәрмәнсіздігіңді ғана арттырады. Оны шешіп таста. Егер соны қолыңа тағып алған күйі өлер болсаң, ешқашан құтыла алмас едің, - дейді[2].
Түрлі дертті жаратқан Алла, оның емделу жолдарын да жаратты. Емделу жолдары екі түрлі:
1) Құран аяттарын оқу арқылы, хадистерде айтылған дұғаларды оқу арқылы емделу;
2) Ғылыми тұрғыда және тәжірибе арқылы дәлелденген медициналық препараттар арқылы емделу.
Құр қиял мен ықтималдыққа сүйеніп, әр нәрседен ем іздеуден шариғатымыз тыяды. Нақты себеп-салдарға сүйенуге шақырады.
Интернет парақшасына үңілсек силикон негізінде жасалған аталмыш Power Balance білезігі шығыс философиясы мен медитациясы негізінде жасалғандығы айтылады. Спортпен шұғылданатын адам оны пайдаланса спорттағы нәтижесі жақсарады дейді. Тумау-сырқауға да қарсы иммунитетті күшейтетінге ұқсайды. Тіпті артық салмақты да түсіреді-мыс[3]. Бірақ пайдалы екендігі медициналық тұрғыда нақты дәлелденбеген. Тіпті аталмыш білезікті шығаратын компания 2011 жылы шудың ортасында қалып, білезік сатып алушы тұтынушыларына қаражатты қайтарып беруге мәжбүр болған екен. Және турмалиннен жасалған емдік құралдарды АҚШ және Ресей дәрігерлері қолдануға шектеу қойып отыр[4].
Ендеше, пайдалы тарапы нақты дәлелденбеген әлгі Power Balance білезігін тақпаған дұрыс деген пікірдеміз. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.
[1] قال من الواهنة
[2]Ахмед ибн Ханбал: مُسْنَدُ الْعَشَرَةِ الْمُبَشَّرِينَ بِالْجَنَّةِ ... - №19549 хадис.; Ибн Мәжә - №3530 хадис.
[3]http://energybraslet.com/
[4]http://baq.kz/kk/regional_media/post/59319