Көк жөтелге есектің сүтін ішкізеді екен. Есектің сүті адал ма?
Көк жөтелге есектің сүтін ішкізеді екен. Есектің сүті адал ма?
8 жыл бұрын 20060

Әссәләмуғалейкум, құрметті islam.kz сайты!  Есектің сүтін ем ретінде қолданудың үкімі қалай? Соңғы кездері «есек сүтімен емдейтін орталықтар ашылды» деген ақпаратты естідім таныстарымнан. Әсіресе көк жөтелден айығуға себеп болады екен есек сүті. Алдын ала рақмет. 

 Нұрбол. 

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Есектің еті қаншалықты арам болса, сүті де соншалықты арам. Бұл дін ғалымдарының көпшілігінің тұжырымы. Ханафи ғалымдары арасында оның таза екендігін пайымдағандар болғанымен, Ханафи мәзхабындағы негізгі қабыл етілген пәтуа - оның харам екендігі жайында[1].  

Сондықтан да, көкжөтел ауруына шалдыққан балаға есек сүтінен гөрі, медициналық емдеу жолын таңдаған дұрыс. Негізінен аурудың алдын алу үшін балалар емханасында баланың 5 айлығынан 14 жасқа дейінгі аралықта мезгіл-мезгіл вакцина егіліп тұрады. Одан бөлек жоғары қысымды таза ауамен (баротерапия) емдейтін тәсілдері бар. Бұнымен қатар арнайы дәрігерлер нұсқауымен жіберілетін түрлі препараттар көмегіне де жүгінуге болады.  

*Көкжөтел (лат. pertussіs) – жедел таралатын, көбінесе, 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы қысқа таяқша тәрізді бактерия (Bordetella pertussіs). 1906 ж. Көкжөтелді бельгиялық ғалым Ж. Борде (1870 – 1961) ашқан. Қоздырғыш бактериялар науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өсіп-өнеді... Ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаннан кейін бір немесе екі аптадан соң  қызу көтеріліп, тұмау мен жөтел пайда болады. Екі аптадан кейін қатты (күшейген) жөтел (көкжөтел) басталады. Бала жөтелге булығып, оның ерні мен тырнақтары ауаның жетіспеушіліктерінен көгеріп кетуі мүмкін[2].  


[1] Ибнуль Һумам: Фатхул қадир. (Мәрғинәни өзінің Хидая кітабында есек сүтін таза деп айтады. Бірақ, оның кітабына түсіндірме жазған Ибн Һумам ғалымның ол тұжырымының дұрыс емес екендігін білдіреді. "Заһиру риуая" бойынша, есек сүті харам). 
[2] kk.wikipedia.org/wiki/Көкжөтел

Абдусамат Қасым