Гипнозбен емдеу әдісі (гипнотерапия) халал ма?
Гипнозбен емдеу әдісі (гипнотерапия) халал ма?
11 ай бұрын 1937

Салеметсіздер ме? Сұрайын дегенім, қазір психолог мамандар гипнотерапия, pf-терапия деп жатады. Соларға барып терапия алу дурыс па? Шариғат не дейді? Нұрсыйла.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, «гипнотерапия» немесе «медициналық гипноз» деген психотерапиядағы емдеу әдістерінің бірі. Анығын айтқанда гипнозбен емдейді. Оның негізінде - «адамды трансқа енгізу» әдісі жатыр. Мамандардың айтысына қарағанда, гипнотерапия арқылы жаман әдеттерден, құмарлықтан және әртүрлі нәрселерге тәуелділіктен арылуға болады деседі. Атап айтқанда, ішімдікке салыну, темекіге тәуелділік, депрессия, артық салмақ, тіпті, телефон, интернет, компьютерге деген тәуелділіктен де арылу үшін де қолданылады екен. Алайда, гипнотерапияны өткізетін кісі білікті медицина маманы болуы ләзім деп ескертеді дәрігер мамандар.

Шариғаттағы үкімі

Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, гипнозбен емдеуге қатысты Құран мен хадистерде ашық тыйым, не болмаса, рұқсаттығын көрсетер мәлімет болмағандықтан, қазіргі таңдағы дін мамандары да екі түрлі пікір білдірген:

1) Бірінші пікір бойынша, гипноз да сиқырдың бір түрі, оны жындар арқылы жүзеге асырады, сондықтан да, оны емдікке қолдану «тәуіпке» барумен тең, сол себепті харам.

2) Екінші пікірдегілер бойынша, гипнотерапия жын-шайтандардың көмегімен емес, медициналық әдіспен, яғни, науқасты транс күйіне түсіріп, оның санасына әсер ету арқылы емдеу шарасы, оның күнәсі жоқ, харам болмайды. 

Ендеше, гипнотерапия:

  • медицинада мақұлданса,
  • медицина маманы, білікті психотерапевт жүргізсе,
  • жын-шайтанның көмегіне жүгінілмесе,
  • таза психологиялық әдіспен атқарылса,
  • әрі жаман әдеттерден құтылу секілді емдік мақсатта жасалса, діни тұрғыда күнәсі болмайды деген қорытындыға келуге болады. Ең дұрысы- Аллаға мәлім!

 

Абдусамат Қасым