Көршінің жеміс ағашынан рұқсатсыз жесек бола ма?
Көршінің жеміс ағашынан рұқсатсыз жесек бола ма?
4 ай бұрын 2451

Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, көршінің өрік ағашының бір бұтағы біздің үй жаққа қарай қарап тұр. Соның өрігінен жесе бола ма? Балаларға тимеңдер дедім. Олар біздің алманы түк қалдырмай жеген негізі. Үкімін сұрайын деген едім.

Бисмилләһир рахманир рахим.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам ғалымдарының көпшілігі біреудің шарбағындағы жемісті жеместен бұрын иесінен рұқсат сұрауды бұйырған. Себебі, ол біреудің дүниесі болғандықтан, біреудің дүниесін рұқсатсыз жеуге болмайды. Тек, аш кезде рұқсатсыз алып жеуіне болады.

Ханафи ғалымдарының айтысы бойынша, біреудің шарбағындағы жемісті рұқсатсыз жей алу үшін үш шарты бар:

  • Жерге түскен жеміс болуы керек.
  • Әрі тез бұзылатын жеміс болуы керек (мысалы, алма, өрік секілді).
  • Және ауылды жер болуы керек (ауылды жерде бір-бірін танитындықтан әдет бойынша, ешкім қарсы болмайды, сондықтан көршісінің жерге түскен жемісін рұқсат сұрамай жеуге болады, бірақ өзімен бірге әкетуге болмайды рұқсатсыз және сататын жемісі болса да рұқсат сұрағаны дұрыс).

Алайда:

  • Ағаштың бұтағындағы жемісті;
  • Немесе жерге түскен жаңғақ сияқты ұзақ сақталатын жемісті;
  • Және қалалы жерде - рұқсат сұраған дұрыс1. 

Ендеше, сізге айтарымыз: бұтағы сіздің шарбаққа иіліп тұрған жеміс ағашы болса да, үй егесінен рұқсат сұрағаныңыз абзал, ал иесі ренжімейді деген ой басым болса, жерге түскенін жесеңіз болады, онда да лаж болса, бір ауыз айтқан жақсы. 

Сөзімізді мынадай бір қысқа оқиғамен аяқтайық. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Рафиъ ибн Амр әл-Ғифари (р.а.) есімді жас жеткіншек сахаба өмір кешкен. Сол жеткіншек бала Мединелік аңсарлардың құрма ағаштарындағы жемісті таспен ұрып түсіріп жейді екен. Бір күні олар оны ұстап алып, Алла елшісіне (с.а.у.) алып келеді. Алла елшісі (с.а.у.) оған:

- Ей, балақай! Неге құрманы ұрып жүрсін? - деп сұрайды.

- Жеу үшін, - деп жауап береді бала.

Сонда Алла елшісі (с.а.у.):

- Ұрмағын. Жерге түскенін жегін, - дейді де, баланың басынан сипап: «Уа, Аллаһым! Бұл баланың қарнын тойдыр!» деп бата (дұға) жасайды. (Сахих хадис. Әбу Дәуід, Ибн Мәжә және Тирмизи сынды хадисшілер өздерінің хадистер жинақтарында келтірген).

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  Бұрһануддин ибн Мәзә: «әл-Мұхыйт әл-Бұрһани». Китабуль Истихсан.

Абдусамат Қасым