«Әрбір дертке дауа бар» делінген. Мүгедектерге де қатысы бар ма?
«Әрбір дертке дауа бар» делінген. Мүгедектерге де қатысы бар ма?
9 жыл бұрын 6044

Ассаламу алейкум уа Рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ! Пайғамбарымыз ﷺ:«Өлім мен кәріліктен басқа, барлық дерттің дауасы бар» - дейді. Сонда жазылмайтын  мүгедектердің де ауруына шипа бар ма?Әлде мүгедектер аталмыш хадисте айтылғанға жатпайды ма?

Абеке

Уағалейкум әссәләм уа Рахматуллаһи уа баракатуһ!

Екі аяғы жоқ мүгедек жанға аяқ өсірем десе, Алла тағаланың оған құдіреті жетеді. «Ол бол дейді, бола қалады». Тек, Жаратушымыз бұл әлемді және ондағы құбылыстарды көбіне табиғат заңдылығына бағынышты етіп қойған. Құран тілімен айтқанда, «Сүннетулла». Неге табиғат заңдылығына бағындырған? Себебі, табиғат заңдылығы болмаса, адамның еркін ойлап, еркін әрекет етуінің, өз еркімен таңдау жасауының, ақыл жүгіртуінің мәні қалмас еді.

Ал, енді, екі аяғы жоқ мүгедек кісінің жағдайына әлгі хадистің қатысы бар ма? [1] Меніңше, қатысы бар. Қазіргі таңда аяғы жоқ мүгедектерге жасанды аяқтар жасалынған. Орта ғасырларда ағаш байлап, зорға жүрген болса, қазіргі таңда арнайы жасанды аяқпен тіпті, жүгіруге мүмкіндігі бар. Бұл да дертке дауа емей немене. Кім біледі, болашақта ғалымдар не нәрсе ойлап табарын.

Аталмыш хадисте Алла елшісі адамдарды зерттеп, зерделеуге, жаңа дүниелер ойлап табуға, емдік қасиеті бұрынғысынан да күштірек дәрілер шығаруға шақыруда. Хадистің астарында: «Барлық аурудың шипасы бар. Іздеңдер, зерттеңдер», -  деп тұрғандай. Сондай-ақ, тәні ауырғанның, жаны бірге ауырары сөзсіз. Пайғамбарымыздың бұл сөзі, онсыз да өмірден түңілуге шақ қалған әрбір сырқат иесіне болашаққа деген үміт отын тұтатары сөзсіз. 


[1] Тирмизи: Тыб – №2038 хадис. Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа, Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.):  «Әрине. Ей, Алланың құлдары! Ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар», – деп жауап берген.

Абдусамат Қасым