Талақтан кейін қандай жағдайларда қайта некені жаңартуға болады?
Талақтан кейін қандай жағдайларда қайта некені жаңартуға болады?
9 жыл бұрын 55219

Әссәләмуғаләйкум! Бір қарындасымыздың сұрағын жолдап отырмын. Онда былай делінген: Талақ айтқаннан кейін өз ерімен, яғни, куйеуімен қайта қосылуына немесе жаңадан неке қидыруларына бола ма?

Уағалейкум әссәләм!

Талақ үш категорияға бөлінеді: "рижғи талақ", "кіші байын талақ" және "үлкен байын талақ".

1.Рижғи талақ. Рижғи талақ дегеніміз – бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» деп тікелей «талақ» сөзін айтудың нәтижесінде туындаған талақ түрі. Бұнымен қатар әр елдің ана тіліндегі «талақ» мағынасында қолданылатын сөздерді де осы категорияға жатқызсақ болады (мысалы, «ажырастым» деген сөз). Талақтың бұл түрі - арадағы некені бұзбайды. Сондықтан да, ері үш хайыз келу уақыты ішінде әйелімен татуласуына құқылы. Неке жаңартуына керегі жоқ. Алайда, татуласпай, арадан үш хайыз уақыт өтіп кетсе, «кіші байн талақ» үкімін тудырып, некелері бұзылады.

2.Кіші байын талақ. Кіші байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері бұзылады. Бұдан кейін, әйелімен татуласқысы келген ері әйелдің ризалығымен және мәһр белгілеп, некелерін жаңартулары шарт.

Мына жағдайларда «кіші байын талақ» туындайды:

  • Ажырасу мағынасын да, өзге мағынаны да білдіруі мүмкін сөздерді талақ ету ниетімен айтқан жағдайда. Мысалы, «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина» т.б. астарында ажырасу екені, әлде, басқа мағына жатқаны беймәлім сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады. Егер ниеті ажырасу болса, некелері бұзылады. Ал, ондай ниеті жоқ болса некелері бұзылмайды. Мұны арапшада "әл-Киная" дейді.
  • «Байын талақпен талақ еттім», «Таудай талақпен талақ еттім», «ең үлкен талақпен талақ еттім» деген сияқты үдемелі, асырмалы түрде  айтылған талақ сөздері де кіші байын талақ үкімін туғызады.
  • Үйленгеннен кейін еш төсек қатынасына түспестен әйелін талақ еткен болса да байын талақ үкімі туады.
  • Белгілі ақыға талағын берген болса (мұны шариғатта «хұлғ» дейді),  оны да – байын талақ ретінде есептейміз.  
  • Әйелдің талабы бойынша, сот арқылы ажырасқан жағдайда да оның үкімі – байын талақ[1].

3.Үлкен Байын талақ. Үлкен байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері мүлдем бұзылып, қайта қосылу құқынан ажырайды. Еркектің үш рет талақ айту құқы бар. Бірінші мен екіншіде қайта қосылуға мүмкіндік бар. Ал, үшіншісінде "үлкен байын талақ" ретінде есептеліп, қайта қосылу құқынан ажырайды. Қайтадан қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, одан соң белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрынғы еріне халал болады.  

Үлкен байын талақты тудыратын себептер мыналар:

  1. Ері әйелін үшінші рет талақ еткен болса.
  2. Үш рет талақ айту құқын бір мезетте, яки бір тазалық уақытында қолданған болса*[2];
  3. Ауыспалы мағынасы бар сөздерді «үш талақпен ажырасу» ниетінде айтқан болса[3].   

Қорытынды:

Жоғарыда айтылғандарды қысқаша қорытындылайтын болсақ:

  1. Әйелін «рижғи талақпен» талақ еткен кісі, онымен үш етеккір мезгілі ішінде қайта татуласуына болады.
  2. Кіші Байын талақпен талақ еткен кісі, қайтадан қосылуы үшін өзара ризалықпен мәһр белгілеп, некелерін жаңадан қиюлары шарт.
  3. Үлкен Байын талақ туындаған жағдайда, ерлі-зайыптылардың некелері мүлдем бұзылып, қайта қосылу құқынан айырылады. Қайтадан қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрынғы еріне халал болмақ[4].

[1] Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 141 бет; У.Зухайли: «әл-Фиқһул Исләми», 9/6958 бет. 
[2]*«Үш талақты бір мезетте айту – бір ғана талақты тудырады» дейтін ертеректе дін ғалымдары болған. Қазіргі дін мамандарының біршамасы осы тұжырымды негізге алады. 
[3] Мұхаммед Ғашиқ әл-Бәрани, «Әт-Тәсһилуд-зарури»: Талақ-38 бет.
[4]Қосымша мына сілтемені оқыңыз:
http://islam.kz/kk/questions/januya/talaq/islamdagy-ajyrasu-palsapasy-talaq-65/#gsc.tab=0 

Абдусамат Қасым