Исламдағы ажырасу пәлсапасы (талақ)
Исламдағы ажырасу пәлсапасы (талақ)
11 жыл бұрын 22489

Төл дініміз кейбір діндегілер сияқты ажырасуға тыйым салмай, керісінше оған қатысты өзіндік талаптар мен шарттарын реттеп, жасалу жолдарын түзеді. Исламнан бұрын жәһилият кезеңінде арабтар өз әйелдеріне қалаған кезде талақ айтып, қалаған кезде қайтарып жататын. Белгілі бір шегі не жолы жоқ-тын. Бұл - әрине әйел кісіге деген зұлымдық, оған көрсетілген әділетсіздік. Ислам келгеннен кейін, мұндай тұрпайылықты тоқтатты. Еркектің талақ айту құқын «үшеуге» шектеді. Үшіншісінде не қалдырасың, не дұрыс жолмен ажырайсың деді. Мұндай шектеу әр бір отағасына жауапкершілікті сездіріп, ажыраспастан бұрын жан-жақты таразылап, отбасы тірегінің бірі саналатын жарын бағалауына алып келді.

Отбасы - өзінше бір мемлекет іспетті. Оның іргесі өзара түсіністік, бауырмалдылық және сүйіспеншілікке құрылғаны жөн. Сонда ғана іргесі берік отбасы болмақ. Бірақ, кейде жанұя шаттықтан көрі қайғыға, бақыттан көрі қасіретке толып, отбасы мүшелері үшін шаңырақ «тозаққа» айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу керек. Оңтайлы шешімге көнбеген ерлі-зайыптылар жақсылықпен ажырасады.

Десе де, дініміздің себепсізден-себепсіз ажырасуды құптамайтынын да айта кету керек. Бұл – ерлі-зайыптылардың соңғы шешуші қадамы болуы тиіс. Одан бұрын, ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу ләзім. Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ»[1], – дей отырып, жөнсіз ажыраспауға үндеп отыр. Сондықтан да болар, кей ғалымдарымыз ажырасудың өзін  жағдайына қарай уәжіп (ажырасуға міндетті), мәндуб (өз еркі) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөлген[2].

Некені бұзатын сөздер

Шариғатта некені бұзатын сөздер екі түрлі болып келеді:

  1. Ашық. Бұл категорияға кіретін сөз «талақ» сөзі. Және әр елдің ана тіліндегі тек «талақ» мағынасына келетін сөздерді де осы топқа кіргіземіз. Біздің тілде некені бұзу сөзі көбіне «ажырасу» сөзімен білдіріліп жататындықтан, оны да «ашық сөздер» қатарына кіргізсек қателеспеспіз. Яғни, әйеліне «сенімен ажырастым» деп өткен шақта, нақтылап айтылған болса, бір талақ орнына жүріп, ниеті қарастырылмайды.
  2. Ауыспалы (әл-киная). Ажырасу мағынасында да, өзге мағынада да қолданылуы мүмкін сөздер осы топқа жатады[3]. Мысалы «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина» сияқты астарында нені мақсат етіп тұрғаны белгісіз сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады. Егер ниеті ажырасу болса, некелері бұзылады. Ал, ондай ниеті жоқ болса некелері бұзылмайды.

Бірінші категорияға жататын сөздер – «рижғи талақ» үкімінде. Бұл дегеніміз – бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» деп айтқан  кісінің талағы (егер де үш рет айтпаған болса) арадағы некені бұзбайды. Сондықтан, ері үш хайыз келу уақыты ішінде әйелімен татуласуына құқылы. Неке жаңартуына керегі жоқ. Рижғи талақта татуласу – әйеліне «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын», «сені қайтардым» деп айту сияқты сөз жүзінде   немесе  оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады[4]. Айта кететін маңызды мәселе, бір рет талақ айтқан болса, үш рет талақ айту құқы екіге кеміген болады.  

Алайда, үш хайыз келу уақыты ішінде әйелін қайтармаған болса, «кіші байын талақ» үкіміне кіріп, некелері бұзылады. Қайта татуласқысы келсе, әйелінің рұқсатымен некесін жаңартуы тиіс. 

Екінші категорияға жататын сөздерді (ауыспалы) қолданған кісінің талағы «кіші байын талақ» үкімінде, әрине егер ажырасу ниетінде айтқан болса. Егер ниеті ажырасу болмаса, онда ештеңе емес. Кіші байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері бұзылады. Бұдан кейін, әйелімен татуласқысы келген ері, әйелдің ризалығымен, мәһр белгілеп, некелерін жаңартулары шарт.

Ері ауыспалы сөздерді ұрыс үстінде немесе ерлі-зайыпты арасында  өзара ажырасу мәселесі қозғалып жатқан кезде тілге алған болса, сол сәттегі ахуалға сүйене отырып, ниетке қарамай, «кіші байын талақ» деген үкім кейде берілуі де мүмкін.

«Рижғи (қайтару) талақ» пен «Кіші байын талақтың» қасында, тағы «Үлкен байын талақ» деген талақ түрі бар. Үлкен байын талақтың үкімі –  ерлі-зайыптылардың некелерін мүлдем бұзып, қайта қосылу құқынан айырады. Қайта қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрыңғы еріне халал болады. Үлкен және кіші байын талақтың арасындағы айырмашылық, кіші байын талақта  ерлі-зайыптылар қайта қосылулары үшін өзара ризалықпен, мәһр белгілеп неке жаңартулары жеткілікті. Ал үлкен байын талақта  олай емес.

Үлкен байын талақты тудыратын себептер мыналар:

  1. Ері әйелін үшінші рет талақ етіп отырған болса;
  2. Үш рет талақ айту құқын бір мезетте, яки бір тазалық уақытында  қолданған болса;
  3. Ауыспалы мағынасы бар сөздерді «үш талақпен ажырау» ниетінде айтқан болса[5];

Шариғаттың үйреткен талақ ету тәсілі қандай?

Шариғатта үш түрлі талақ ету жолы бар. Екеуі - шариғатқа сай құптарлық, үшіншісі - шариғатқа теріс. Олар мынадай:

1. Әхсан талақ (ажырасудың ең абзал жолы-أحسن الطلاق):

Бұл тәсілде ері әйеліне ашық талақ ету сөзімен бір «рижғи талақ» айтып, үш етеккір келу уақыты бойы оған жақындаспайды. Мұндағы мақсат – ері өз қарарында сенімді ме, әлде асығыс берілген шешім бе, соған көзін жеткізуге мұрсат береді. Осы уақыт аралығында райынан қайтып, әйелімен татуласып, әлі де отбасын сақтап қалу жолын таңдар деген үміт. Ибн Әби Шәйбәнің «әл-Мусаннәф» атты кітабында келтірілген риуаятта, сахабалардың да талақ етудің осы тәсілін артық көретіндігі Ибраһим ән-Нәхаъи[6] тарапынан риуаят етілген[7].

Әхсән талақ мына талаптарға мән берілгенде жүзеге асады:

  • Хайыз немесе нифастан тазарған болуы тиіс. (Хайыз не Нифас кезінде талақ ету күнә).   
  • Сол таза уақытында жыныстық қатынасқа түспеген болу керек. Жыныстық қатынасқа түскен болса, келесі хайыздан тазарғанша талақ айтпағаны дұрыс. Себебі, жыныстық қатынасқа түсіп қойған тазалық күндері әйелін талақ ету күнә.
  • Талақ сөзін бір рет айтады да,  үш хайыз келу уақыты бойы онымен жақындаспайды.  Бірақ бұл талақ «рижғи талақ» болғандықтан, осы үш хайыз уақыты толық бітпейінше некелері сол қалпында сақталады және үш хайыз ішінде ері райынан қайтып, әйелімен қайта татуласуына құқылы. (Рижғи талақ).

Татуласу – әйеліне «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын», «сені қайтардым» т.б. деп айту сияқты сөз жүзінде   немесе  оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады[8].

Тағы айта кету керек, мұнда үш хайыз келу уақыты өткенше райынан қайтпаған болса, «кіші байын талақпен» (жоғарыда тоқталдық) неке бұзылады. Әйелімен қайта қосылғысы келсе, әйелдің ризалығымен, жаңадан мәһр беріп, некелерін жаңартады[9].

2. Хасан талақ:

Шариғатта көрсетілген талақ ету жолының екіншісі – хасан талақ. Мұны «сүннет талақ» деп те атайды. Мұнда да жоғарыда айтып өткен шарттар қарастырылады (ахсан талағының шарттары). Тек бір айырмашылығы бар, бұл ажырасу тәсілінде  ер кісі  өзіне берілген үш талақ ету құқын,  үш хайыздан кейінгі үш тазалық уақытына  бөліп-бөліп айтады.  

Мысалы, ері әйелінің етеккірден тазарған уақытында, онымен жыныстық қатынасқа түспей «мен сені талақ еттім» деп бір рет ашық талақ сөзін айтады да, келесі хайызды күтеді. Хайыз келіп, сол хайыздан тазарғаннан кейін жыныстық қатынасқа түспестен тағы солай екінші рет талақ етеді де екінші хайызды (қатынасқа түспестен) күтеді. Екінші хайыздан тазарғаннан кейін үшінші талағын айтады.  Бұдан кейін әйелі иддет мерзімі ретінде бір ғана хайыз уақытын күтеді. Себебі алдында екі хайыз уақыты өтті[10].

Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «...Талақ екі рет (болса), онда не туралықпен ұстау немесе (үшінші талақ айтып) жақсылықпен ажырасу керек»[11], – дей келе бөліп айтуды меңзесе, Талақ сүресінде: «Әй Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, онда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және сол мерзімді есептеңдер» [12], – делінген.

Сондай-ақ, Нәсәидің хадис жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Абдулла  былай дейді: «(Талақ әс-сүннә) Пайғамбарымыздың үйреткен талақ түрі мынадай – ері өз әйелін (етеккірден) таза кезінде, жыныстық қатынасқа түспей бір рет талақ етеді. Кейін тағы бір етеккір көріп, одан тазарғаннан кейін (екінші рет) талақ етеді. Тағы бір етеккірі келіп одан тазарғаннан кейін (үшінші рет) талақ етеді. Одан кейін (қосымша) бір хайыз мерзім күтеді»[13]

Ажырасудың бұл тәсілі – отбасында ұрыс-керіс өршіп, ерлі-зайыптылық міндеттемелер орындалмай, үйден береке кеткен кезде қолайлы. Өйкені, кейде әйелі отаналық міндеттемелерді орындамай өз еріне қарсы шығып жүргенімен, отағасы оны іштей қимауы мүмкін, бірақ ажыраспауға да шара жоқ. Осындай жағдайдаларда, талақты бөліп айту арқылы, өзін біртін-біртін дағдыландыруға тырысады, қимастық сезімі басым түскен жағдайда, қайта татуласуға мүмкіндік бар.

Мұны да, «рижғи талақ» қатарына жатқызамыз. Яғни, алдыңғы айтылған екі талақта арадағы неке бұзылмайтындықтан, райынан қайтып, қайта татуласуына  құқылы. Неке жаңартылмайды және әйелінің ризалығы шарт емес, себебі әйелі әлі ол кісінің некесінде болып қала бермек.

Бірақ, одан кейін үшінші рет талақ етер болса, арадағы неке «үлкен байын талақпен» бұзылады. Бұдан кейін әйелі өзге ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, алдыңғы ері оны қайта некесіне ала алмайды. Бұл жайында Құранда: «Егер (үшіншісінде) талақ еткен болса, басқа ерге тұрмысқа шықпайынша (және кейін одан ажыраспайынша), оған ол әйел адал емес», – дейді

3. Бидғи талақ. Бұл – дініміздің үйреткен ажырасу тәсіліне кереғар. Ханафи мәзһабында талақтың осы түрін қолданған кісі күнә істеген болып есептеледі, бірақ талағы іс жүзіне асады[14].   

Бидғи талаққа мыналар жатады:

  • Әйелін хайыз кезінде талақ ету. Хайыз кезінде талақ ету - күнә. Бұл кезде талақ еткен кісі, еткен талағын қайтарып, келесі хайыздан тазарған уақытын күткені абзал. Содан кейін қаласа талақ етеді, қаламаса етпейді[15]. Бұл Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің тұжырымдары.  Себебі, Муслимнің хадис жинағында келтірілген хадисте, әйелін хайыз кезінде талақ еткен сахаба Абдулла ибн Омарға, Алла елшісі былай деп бұйырады: «Еткен талағын қайта алсын (әйелін қайтарсын)! Осы хайызы тоқтап, келесі хайызынан тазарған уақытына дейін күтсін. Сол кезде қаласа некесінде ұстайды, қаламаса талақ етер»[16].
  • Хайыздан тазарған уақытта, әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, сол тазалық ішінде оны талақ ету.
  • Бір сәтте үш талақпен талақ ету. Бір мезетте үш талақпен талақ етудің күнә екеніне қатысты Сахих Муслимде көрсетілген риуаятта былай делінген Абдулла ибн Омар: «...бір мезетте үш талақпен талақ еткен болсан арадағы некелерін бұзылды деген сөз. Ол басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша (және одан ажырамайынша) онымен некелесе алмайсың. Бұл әрекетің  Раббыңның бұйрығына қарсы. (Оның көрсеткен) Әйеліңді талақ ету жолына теріс».[17]
  • Бір тазылық уақытында бірнеше рет талақ айту.[18]

Қорытындылай келе айтарымыз, дінімізде талақ ету құқы - тікелей отағасына тән[19], әйел кісі кей жағдайларда ғана ажырасуды талап ете алғанымен, оған тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек.  Әйтсе де, жоғарыда айтылғанда мұсылманға «ажырасу» ең соңғы шешім болуы тиіс, одан бұрын татуласу жолдарын қолданып көруі шарт. Ажырасуға бел буған болса, жөн-жосықсыз талақ айта салмай, сүннетке сай шариғаттың үйреткен жолымен жасауды бұйырады.

[1] Әбә Дәуід, Китабут Талақ – №2178 хадис.
[2] Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 143 бет.
[3] Бадаиғ – 4/225 бет.
[4] Алә’уддин әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/383 – 395 бет; әл-Лүбәб – 3/54 бет.
[5] Мұхаммед Ғашиқ әл-Бәрани, «Әт-Тәсһилуд-зарури»: Талақ-38 бет.
[6] Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәғи, Ирак өңірінің ғұлама, фиқһшысы әрі хадисте «сиқа/сенімді» деген атаққа ие. Оның риуаят еткен хадистерін Нәсәий, Әбу Дәуід, Даруқутни сыңды ғұламалар өз хадис жинақтарына алған, кішкене күнінде Айша анамызға келіп, оны көрген кісі.
[7] Ибн Әби Шәйба, әл-Мусаннаф –4/57, «ат-талақ».
[8] Алә’уддин әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/383 – 395 бет; әл-Лүбәб – 3/54 бет.
[9] Әл-фиқһ алал мәзәһибиль арбаға – 4/266 бет.
[10]Бадаиғ – 4/189 бет.
[11]Бақара сүресі- 228- 229 аят.
[12]Талақ сүресі – 1 аят.
[13]Нәсәи, әс-Сунәнуль Кубра, «Китабут Талақ», 2 баб/5557 хадис.
[14]Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 143 бет.
[15]Әл-Ихтияр – 3/144 бет.
[16]Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471 хадис.
[17]Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471
[18]Бадаиғ – 4/201-202 бет.
[19]Ақыл-есі дұрыс, кәмілетке толған болуы шарт.

Абдусамат Қасым