Сәлеметсіздер ме! Күйеуі әйеліне «иддетіңді күте бер» деп айтса, онысы талақ болып санала ма? Анон.
"Иддетіңді күт" деген сөзі талақ санала ма?
|
Сәлеметсіз бе!
Алдымен иддет деген не, сол жайында қысқаша таныстыра кетсек. Иддет - «санау» деген сөз. Исламда әйел кісі күйеуімен ажырасқан жағдайда немесе күйеуі қайтыс болған жағдайда, белгілі мерзім күтеді. Күйеуінен ажырасқан әйел адам үш хайыз келуін күтеді, ал жесір қалған әйел кісі төрт ай, он күн күтеді. Осы күту мерзімін Ислам шариғатында «иддет» мерзімі дейді. Иддет мерзімі аяқталмай, әйел кісі өзгеге тұрмысқа шыға алмайды және мерзім аяқталғанға шейін өзгенің оған сөз салуына тыйым салынады.
Сауалдағы «иддетіңді күт» деуінің мағынасы: «сені талақ еттім, үш хайыз иддетіңді күте бер» деген тұспал сөз.
Енді олай айтылған сөздің үкіміне келер болсақ. Күйеуінің некелі әйеліне қарасты «Иддетіңді күт» деген сөзі «бір рижғи талақ» үкімін тудырады[1]. Бұл дегеніміз: егер бұрындары екі рет «талақ» сөзін айтпаған болса, ол сөзі некені бұзбайды деген сөз. Бұған қатысты Имам Әбу Юсуф, Имам Ағзамнан мынадай бір хадис риуаят етеді (рахимаһумаллаһ): Бір кісі сахаба Абдулла ибн Мәсъудқа келіп: «Әйеліне «иддетіңді күт» дейтін болса, қанша талақ саналады?» деп сұрайды. Абдулла ибн Мәсъуд (радияллаһу анһ) оған: «Бір талақ саналады, әйелін қайтаруға құқы бар» деп жауап береді[2].
Сондықтан да, әлгіндей сөзден кейін үш хайыз уақыты ішінде күйеуі райынан қайтып, татуласқысы келсе, неке жаңартпай қайта татуласуларына болады. Алайда ол сөзден кейін «үш хайыз уақыты» өтіп кетіп, күйеуі райынан қайтпаса, неке бұзылады.
Тоқ етері: «Иддетіңді күт» дегені бір «рижғи» талаққа есеп, бірақ оған неке бұзылмайды. Сондықтан, үш хайыз уақыты ішінде татуласып, одан әрі қарай неке жаңартпастан ерлі-зайыпты өмір кеше берулеріне болады.
[1] Әбу Бәкір әл-Жассас: «Шарху Мухтәсарит Тахауи». 3\192 бет.
[2] Имам Әбу Юсуф: «әл-Әәсәр».