Хайыз уақытында айтылған талақ санала ма?
Хайыз уақытында айтылған талақ санала ма?
6 жыл бұрын 6284

Әссәләмуғалейкум! Әйелге етеккір мезгілінде талақ беруге болмайды. Бірақ, беріп қойған жағдайда, талақ түсе ме?  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хайыз уақытында талақ айту «бидғи талақ» үкімінде, яғни шариғатқа қайшы талақ айту тәсілі. Сол себепті, әйеліне хайыз кезінде талақ айту – күнә саналған. Бірақ, айтылған талағы есепке алынады. Бұнда ғұламалар арасында талас жоқ.

«Сахих Бұхариде» келтірілген риуаятта, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Әзіреті Омардың ұлы Абдулла (р.анһума) некедегі әйеліне хайыз кезінде талақ айтады. Әзіреті Омар осы мәселенің үкімін Алла елшісінен сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз Әзіреті Омарға былай дейді:

«Оған әйелін қайтарсын деп әмір ет. Сол хайыздан тазарғаннан кейін тағы хайыз көріп, одан тазарғанша ұстасын. Одан соң барып, қаласа өзінде ұстайды, қаламаса қатынасқа түспестен талақ береді. Міне осы Алланың әмір еткен – әйелдердің талақ етілгенде назарға ұсталатын есеп»[1].  

Аталмыш хадисте «әйелін қайтарсын» деп айтылып тұр. Яғни, хадисте Пайғамбарымыз сахабаның ол талағын бір талақ санап, «рижғи талақ» үкімі негізінде қайта некені жаңартпастан қайтаруын бұйырған. Осыдан келіп, хайыз уақытында айтылған талақ - талақ саналады деген тоқтамға келуге болады. Төрт мәзхаб бойынша, үкім осы.

Бірақ, Ибн Тәймия мен оның шәкірті Ибн Қайюм көпшілік ғұламалардың пікіріне кереғар тұжырым көлденең тарта отырып: «Хайыз кезінде айтылған талақ негізге алынбайды» деген. Бұндай тұжырым иелерін қатты сынға алған Ханафи ғұламасы Имам Әбу Бәкір әл-Жәссас былай деген:

«Алдын айтып өткеніміздей, аят пен сүннет және ғалымдардың иттифақы – хайыз кезіндегі талақтың жүзеге асуы ләзім екендігін көрсетеді. Онысы күнә болса да. Алайда, кейбір сауатсыздар (жәһилдер) хайыз кезінде айтылған талақ жүзеге аспайды деп жүр...»[2].


[1] Сахих Бұхари - №1065 хадис.
[2] Имам әл-Жассас: Әхкамуль Құран. Бақара сүресінің, 229-230 аяттар тәпсірі.  

Абдусамат Қасым