Үлкендерге арналған сұрақ (+18)
Үлкендерге арналған сұрақ (+18)
4 жыл бұрын 29576

Ассалаумағалейкум! Сіздерден білейін деген бір мәселе, хадистерде Айша (р.а.) жұбайы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әуретіне қарамаған деседі. Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің әурет жерлеріне (яғни, мүшесіне) қарай берулеріне бола ма, әлде тыйым бар ма? Рақмет. Анон болсыншы.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә баракәтуһ!

Ерлі-зайыптылардың бір-бірлерінің әурет жерлеріне (яғни, жыныс мүшелеріне) қарауларының дінде күнәсі жоқ. Бұған байланысты Ханафи ғалымы Имам Сарахси (рахматуллаһи алейһ): «Әйелінің басынан бақайына дейінгі жеріне қарау – халал. Құмарлықпен қарасын, мейлі, құмарлықсыз қарасын, күнәсі жоқ...», - деген[1].

Өйткені, Құран Кәрімде Алла Тағала мүмін-мұсылмандарды сипаттай келе былай дейді:

«Олар сондай – әурет жерлерін сақтайтындар, бірақ өздерінің жарлары немесе қолдарындағы күңдері болса, ол үшін сөгіс жоқ»[2].

Сахаба Абдулла ибн Омардан (радияллаһу анһ) жеткен бір хадисте Алла елшісінің былай дегендігі білдірілген:

«Жалаңаштанудан сақтаныңдар. Шынында сендермен бірге қастарыңнан айырылмайтын әлдекімдер бар (періштелер). Бірақ, түзге шығарда және ері әйелімен жақындасарда (жалаңаштануға болады). (Қалған кезде) олардан ұялыңдар және оларға құрмет көрсетіңдер (яғни, әуретті жауып періштелерге құрмет көрсетіңдер)»[3].

Аталмыш хадисте Алла елшісі (с.а.у.) «ері әйелімен жақындасарда...» дей келе, ерлі-зайыптылардың төсек қатынасы кезінде жалаңаштануларының рұқсат екендігін меңзеп отыр. Мұның өзінен ерлі-зайыптылардың бір-бірлерінің әурет жерлеріне қарауларына болатындығын ұғынуға болады.

Дейтұрғанмен, мүмкіндігінше жақындасу кезінде бір нәрсемен жабылған абзал. Әсіресе, үйде адамдар бар болса. Жабылудың абзал екендігін Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сендерден кімде-кім әйеліне келсе (жақындасса), бүркенсін...» - деген сөзінен түсінуге болады.

Демек, ерлі-зайыптылардың жақындасу кездерінде бір-бірлерінің әурет жерлеріне қараулары күнә емес. Тек, ұмытшақтықты тудыруы мүмкін деген оймен кей ғалымдар қарамауды абзал санайды. Дегенмен, қараса да ағаттығы жоқ.

Ал, Айша анамыздың: «Мен ешқашан Алла елшісінің әурет жерін көрмегенмін» - деген сөзі қараудың күнә екендігін емес, әдептілікті білдіреді.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Сарахси: «әл-Мәбсут» - 10/148 бет.
[2] Құран Кәрім: «Мүминун» сүресі, 6 аят.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән».

Абдусамат Қасым