Түсімде күйеуімнің жол апатына ұшырағанын көрдім. Ол нені білдіруі мүмкін?
Түсімде күйеуімнің жол апатына ұшырағанын көрдім. Ол нені білдіруі мүмкін?
4 ай бұрын 6990

Сәлеметсіздер ме! Қайын сіңілім түсінде киеуімнің жол апатына ұшырағанын біреулерден естіпті. Енді не болады?  Жазира.

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сұрақ қоюшы, Сіздің айтып отырған түстер «шайтани түс» болуы мүмкін. Шайтан малғұн кейде солай адамды шошыту үшін, ұйқыдағы адамға қорқынышты түстер салып жатады. Ал, қорқынышты түс көрген адамға Мұхаммед пайғамбарымыз (ғалейһис саләту уә сәлләм) сол жағына үш рет түкіріп, әғузуді айтуды кеңес еткен. Хадисте былай делінеді:

«Шайтани түс көрген кісі шошып оянған заматта сол жағына үш рет түкіріп, «әғузуді» айтсын. Сосын келесі бүйріне ауысып жатсын»[1].

Дейтұрғанмен, көңіліңізге секем алып, бір түрлі, қауіптеніп тұрсаңыз, шама-шарқыңызша садақа беріңіз. Себебі, садақаның бір пайдасы – болуы ықтимал залал мен бәлені алыстатады. Сондай-ақ, намаз оқып Аллаға алақан жайып дұға етіп, Алладан амандық-саулық сұраңыздар. Өйткені Аллаға жасаған дұғаларыңыз, Алланың қалауымен, пешенеңізде жазылған бәле-жаланы қайтарады. Бұған байланысты ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«...Пенденің басына бәлекет келер-келмес, пенденің жасаған дұғасына кезігеді. Ол екеуі қиямет күніне дейін арпалысып өтеді»[2].

Осы хадисте, жасаған дұғаның басқа келуі ықтимал кесапаттарды келтірмей, орын алуы керек болған бәле-жалаларды болдырмай тосқауыл жасайтындығын Алла елшісі (с.а.у.) анық айтып отыр. Сондықтан да, жасаған дұғаларымыз қабыл етілмей жатыр деп айтпау керек. Өйткені, сұраған нәрсеміз орындалмағанымен, жасаған дұғаларымыз басқалай жөнінен бізге пайдасын тигізіп жатады екен.

Құдай Тағала баршамызды бәле-жаладан сақтасын!


[1] Сахих Мүслім - №2262 хадис.
[2] Әл-Хаким, әл-Мүстәдрак. (699) №1856 хадис.

Абдусамат Қасым