Жаңа туған балаға не істеген дұрыс?
Жаңа туған балаға не істеген дұрыс?
8 жыл бұрын 24797

Ассалаумағалейкум! Жаңа туылған нәрестені қырқынан шығару деген шариғатта бар ма, әлде ол қазағымыздың ырымы ма? Утеулиев М.С.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті, Мұхит! Қырқынан шығару салты ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі. Мұндай үрдіс шариғатта жоқ. Бірақ, ол ғұрыпқа сай әрекет ету де күнә емес. 

Жаңа туған балаға қатысты орындалатын Пайғамбарымыздан бізге жеткен мынадай жол-жоралғылар бар:

1. Тәхник. Жаңадан туылған балаға (ана сүті берілмей тұрып) құрманы шайнап, оның шырынын, не болмаса, сол сияқты тәттіні, мысалы, балды, таңдайына (не тіліне) жағу рәсмін "тахник" деп атаймыз[1]. Яғни, құрманы сәби жұта алатындай шайнап, немесе балды баланың аузына саусағымен абайлап салады[2]. Сахаба Әбу Муса әл-Ашғари бұл жайында былай дейді: «Менде ұл туылған еді. Мен оны Алланың Елшісіне алып келгенімде оған «Ибраһим» деп ат қойды да құрманы (шайнап) "тахник" жасады. Артынан оған "берекет берсін" деп дұға етті..»[3].  

2. Құлағына азан айтып ат қою. Сәбидің бірінші күні немесе ең кеш жетінші күні оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат айтылып ат қойылады. Пайғамбарымыздың немересі Хасан туылғанда азан айтқандығы риуаят етілген[4].

3. Ақиқа құрбанын шалу. Ақиқа құрбаны - перзент сыйлаған Алла Тағалаға шүкіршілік білдіру ниетімен шалынады. Баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына толғанға шейінгі уақыт ішінде ақиқа құрбандығын шалуға болады. Десе де, жаңа туған нәрестенің жетінші күні басындағы балапан шашы алынып ат қойыла салысымен құрбан шалу – мұстахаб, яғни ұнамды іс[5].

4. Жетінші күні баланың балапан шашы алынып, соның салмағындай күміс беру, не оның құнына шақтап ақшалай садақа беру мүстәхаб (сауапты).  Алла елшісі (с.а.у) немересі Хасан туылғанда бір қой құрбан шалып, қызы Фатимаға: «Шашын алда, алынған шаштың ауырлығындай күміс садақа бер», - дегендігі Әзіреті Әлиден риуаят етіледі[6].

5. Сүндетке отырғызу. Бала балиғат жасына толғанға дейінгі уақыт ішінде сүндетке отырғызылады[7]. 

[1] Имам Нәуәуи: "Шарху Муслим" - Китабуль Әдәб. №2144 хадис түсіндірмесі.
[2] Ибн Хажар әл-Асқалани: Фатхуль Қадир.
[3]Бухари, «Китабуль Ақиқа», №5150-хадис.
[4]Тирмизи, «Китабуль Адзахи», №1514-хадис.
[5] Нәсәий, «Китабуль Ақиқа», №4220-хадис.
[6] Тирмизи, «Китабуль Адзахи», №1519-хадис.
[7] Бахрур Раиқ – Китабуш шахада. (باب من تقبل شهادته ومن لا تقبل)
Бұл мәлімет - 2013 жылы muslim.kz сайтында жарық көрген жазбамның аз-кем өзгертіліп, қайта жария етілген түрі.

Абдусамат Қасым