Сәлеметсіз бе ! Ұят та болса білгім келеді. Ерлі-зайыптыларға қандай күндері жақындасуларына тыйым салынған. Толық мәлімет берсеңіздер! Ж.
Ерлі-зайыптыларға қай күндері жақындасуларына тыйым салынған?
|
Сәлеметсіз бе!
Ислам дінінде ерлі-зайыптылардың жақындасуларына тыйым салынған күндер мыналар:
1. Хайыз (етеккір) күндері.
2. Нифас күндері (босанғаннан кейін келетін қан).
3. Рамазан айында күндіз ауыз бекітулі кезде (түнде болады).
4. Оңаша емес кездерде. (Бөлмеде өздерінен бөлек басқа біреу бар кезде, мәселен есі кірген балалары жатқан болса, қатынасқа түсуге болмайды).
Басқа уақыттарда рұқсат.
Аптаның қай күні жақындасқан мұстахаб?
Кейбір риуаяттарға қарай Ислам ғалымдары «жұма күні түнде жақындасу мұстахаб» деген үкімге келген. Дәлірек айтқанда, бейсенбінің жұмаға қараған түні. (Өйткені, жұманың түні – бейсенбі күні күн батқаннан басталады).
Төсек қатынасының әдептері қандай?
Әдеп деп, жасалуы міндетті болмаса да, жасалуы ұнамды, әрі абзал нәрселерді айтамыз. Исламда төсек қатынасының да өзіндік әдептері бар. Атап айтсақ:
1. Төсекке тазаланып келу.
2. Бірден іске көшпестен, сүю, құшақтау т.б. осы сияқты әрекеттерді жасау.
3. Қатынасқа бастар сәтінде іштей «бисмилланы» айту. (Пайғамбарымыз ондай сәтте мына дұғаны оқуды үйреткен: «Бисмиллаһи, Аллаһуммә жәннибнәш шайтана уә жәннибиш шайтана мә разақтәнә». Мағынасы: «Алланың атымен бастаймын. Аллахым бізден шайтанды ұзақтат, әрі бізге ризық ретінде беретініңнен де (яғни баладан да) шайтанды ұзақтат).
4. Тек, алдыңғы мүшеден жақындасу. (Артқы ағзадан жақындасу харам, үлкен күнә. «Артынан жақындасқан адам малғұн, лағынетке ұшыраушы» делінген хадисте).
5. Ері жақындасып болғаннан кейін, онысын тағы қайталайтын болса, дәрет алып келгені ұнамды (іш дәрет және сырт дәрет).
6. Іс біткеннен кейін көп созбай ғұсылданып, жуынған дұрыс. Бұл, біріншіден – тазалық, екіншіден – денсаулыққа пайдалы. Босансыған дене ағзаларының қайта қалпына келуіне септігін тигізеді.
7. Ерлі-зайыптылардың жақындасу кездеріндегі жағдайлар өзара сыр болып қалуы ләзім. Әйел де, еркек те жатын бөлмедегі сырларын өзге дос-жарандарымен бөлісулеріне тыйым салынады, харам әрекет (немесе харамға жақын мәкруһ).