«Дінде әйелі күйеуіне ас пісіріп беруге міндетті емес» депті, сол рас па?
«Дінде әйелі күйеуіне ас пісіріп беруге міндетті емес» депті, сол рас па?
3 жыл бұрын 12031

Ассаламуалейкум! Досымның сұрағы, әйелі намазхан, соған құрбылары айтыпты: әйелі күйеуіне таңғы ас, кешкі, түскі ас істеп беруге міндетті емес деп, тіпті таңертең жұмысқа кетейін десе де «міндетім емес» деп, тұрмайтын болыпты. Шариғатта солай ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, шариғатта әйел кісінің өз күйеуіне ас пісіріп, шайын дайындап, қызмет етуі міндет пе, жоқ па, дегенге жауап беруіміз үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміріне қарауымыз керек. Риуаяттарға қарағанда, Мұхаммед пайғамбар (ғалейһиссәләм) өзінің сүйікті қызы Фатима анамызға үй ішінің шаруаларын тапсырған, ал күйеубаласы Әзіреті Әлиге сыртқы істерді тапсырған. Осылайша, ерлі-зайыптылардың негізгі міндеттемелерін айқындап берген болды. Үй іші шаруаларына нелер жатады дегенге Ислам ғалымдары: қамыр илеу, тамақ пісіру, төсек салу, үй ішін тазалау т.б. сол сияқты әйел затына қатысы бар үй іші шаруаларының бәрі деп айтқан.

Бір күні Фатима анамыз үйдің тіршілігі бір өзіне ауыр келіп, әкесі Мұхаммед пайғамбардан (ғалейһиссәләм) қызметші беруін сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) қызына:

«Сен үшін қызметшіден де қайырлы болатын нәрсені айтайын ба? Ұйықтайтын кезде – отыз үш рет Алланы пәкте (сүбханалла деп айт), отыз үш рет Аллаға мадақ айт (әлхамдулиллаһ де) және отыз төрт рет Алланы ұлықта (Аллаһу әкбәр де)»,

- деп аталмыш зікір-таспихаттарды айтуын кеңес етеді. Осылай істеуі  олар үшін қызметші ұстаудан әлдеқайда қайырлы боларын білдіреді[1].

Енді осы сахих хадисті ойлап қарайықшы. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) тұрмыстағы сүйікті қызының қиналғанын көріп: «Үй іші шаруасын істеу саған міндет емес, күйеуің тамақты өзі пісіріп алсын, оған тамағын дайындап беруге міндетті емессің, түске дейін жата бер» деп айтуына болар еді, бірақ олай айтпаған. Керісінше, сабырға шақырып, үй шаруасын істеуде және күйеуіне қызмет ету жолында төзімді болуға шақырған. Енді осыдан кейін, қалайша дінде әйелі күйеуіне тамақ дайындап беруге міндетті емес деп айтуға болады?

Шариғи тұрғыдан алғанда, Ханафи мәзхабы ғалымдары әйелдің күйеуіне қызмет етуі уәжіп деген. Мұндағы қызмет түріне: тамақ істеу, үйін тазалау, кір-қонын жуу сияқты әдеттегі үй іші қызмет түрлері жатады. Бірақ бұл – әйелі тамақ істемесе, оны ұрып соғып, мәжбүрлі түрде тамақ істетуіне құқылы дегенді білдірмейді. Оның мағынасы: әйелінің күйеуіне себепсіз қызмет етуден бас тартуы күнә деген сөз.

Қорыта айтқанда, ерлі-зайыптылардың «мынау міндетім емес, анау міндетім емес» деп, тым қағидатшыл болулары шаңырақты шайқалтатын қылық. Құран Кәрімде Алла Тағала: « وَلَا تَنسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ ۚ - Өзараларыңда кеңшілікті ұмытпаңдар» деп[2], ерлі-зайыптылардың бір-біріне кең болуды, әрі көп мәселеде өзара компромисске келуді бұйырған.

Құрметті сауал жолдаушы! Әрбіріміздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде міндетті болған істерімізбен қоса, міндетімізге жатпайтын, бірақ істелуі абзал болған істер бар. Тіпті өмірдің көп жөні сол міндетімізге жатпайтын, бірақ істеуіміз абзал болған істерге тәуелді дер едім. Адамгершілік пен адами қасиеттен жұрдай болушылық та сонымен таразыланады деуге болады. Мысалы, бір жер жанып жатыр делік, енді «міндетім емес» деп қасынан өтіп кетсек те болады немесе барып қолдан келгенше өшіруге тырыссақ болады. Егер «міндетім емес» деп өтіп кетсек, ол жер міндетті кісілер келем дегенше өртеніп, түгі қалмауы мүмкін. Ал қолдан келгенше сумен өшіріп тырысып бақсақ, көптеген шығын мен адам өлімінің алдын алған болуымыз мүмкін. Отбасы да сол сияқты. Әрбір ерлі-зайыптының істеуі міндетті болған және міндетті болмаса да, істеуі абзал болған істері бар. Отбасының баянды болуы – көбіне істелуі абзал болған істерге сүйенеді. Сол себепті, тым міндетшіл болғаннан гөрі, пидашыл болған жақсы. Сонда отбасыда береке болады, сый-құрмет болады.

Ал "дінде күйеуіне әйелі ас дайындауына міндетті емес, оған қызмет етуге міндетті емес" деп, ұран тастау - Ислам дінінің тәлімі мен Исламдағы отбасы қағидаттарын дұрыс түсінбейтін адамның сөзі. Бұндай сөздерді көбіне феминистік көзқарасқа ие адамдар айтады.

Алла Тағала отбасыларыңызға береке жаудырсын!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[2] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 237 бет.

Абдусамат Қасым