Бір ай қатынасқа түспеймін деп ант еттім. Енді не істеймін?
Бір ай қатынасқа түспеймін деп ант еттім. Енді не істеймін?
9 жыл бұрын 8124

Әссәләмуғалейкум! Құрметті ағалар, менің қояйын деген сұрағым ер мен әйелге қатысты еді. Әйеліме ренжіп: «сенімен 1 ай бойы жыныстық қатынасқа түспеймін», - деп Алланың атымен ант еттім. Бұл жердегі мазалап тұрғаны, бір апта өткеннен кейін антымды бұздым. Енді, жағдайым қалай болады? Діннен шығып кетпедім бе?

Уағалейкум әссәләм! Қадірменді сауал қоюшы, ол әрекетіңіз үшін діннен шыққан жоқсыз. Бірақ, антыңызды бұзғаныңыз үшін оған «кәффарат» өтеуіңіз керек.

«Кәффәрәт» дегеніміз, антын бұзған адамның Алла алдында күнәсін жуып-шаюы. Ол болашақтағы іске ант беріп, оны орындай алмай қалған жағдайда ғана өтеледі.

Анттың кәффәрәті: он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру яки бір құл азат ету. Бұл ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін, жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс[1].


[1] Бақара сүресі, 225 аят.;  Любәб – 4/8 бет.

Абдусамат Қасым