Ассаламуғалайкум! Балаға Ясин есімін қоюға бола ма? Фатима.
Балаға «Ясин» деп ат қоюға бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қасиетті «Ясин» сүресін білмейтін мұсылман жоқ шығар. Құранның жүрегі саналатын бұл сүренің атын адамға қоюға бола ма, болмай ма, деген сауал төңірегінде екі түрлі пікір бар. Құрандағы «Ясин» атауының Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) Құрандағы есімдерінің бірі деушілер, оны балаға есім қылып қоюға болады деп топшылаған. Өйткені, кейбір әлсіз риуатта Мұхаммед пайғамбар былай деген екен: «Менің Раббымның құзырында он түрлі есімім бар, соның екеуі: «Тоһа» мен «Ясин»1.
Құрандағы «Ясин» сөзін, Пайғамбарымыздың есімі деп алсақ, оның мағынасы: «Я, сәийду!» болмақ. Мағынасы: «уа, мырза», «уә, мәртәбәлі тақсыр» дегендік. Ал бұл сөзді Пайғамбардың есімі емес дейтіндер бұлай деп балаға қоюға болмайды дейді.
Қорыта айтқанда, балаға Ясин деп ат қоюға болады. Бұл сөздің «Ясин» сүресінің атауымен байланысты болуы міндетті емес. Құранда «Сәләмун аля иль-Ясин» деген де аят бар2. Осы аятта «Ясин» деп Илияс пайғамбарды атаған. Сонда балаға «Ясин» деп қойған кісі, біршеті, Илияс пайғамбардың екі есімінің бірін қойған болады. Пайғамбарлардың есімін балаға қоюға болады.
1Аяз: «әш-Шифә»; Суюти.
2«Саффат» 130 аят.