Әссәләмуғалейкум! Балиғат жасына толмаған немесе өзінің ақша табуға мүмкіндігі жоқ балалар ата-анасының берген ақшасын жұмсайды. Ал, сол ата-анасының табатын ақшасы халал жолмен табылмаған болса (мысалы, пара алу, арақ-шарап сату, т.б.), не істеу керек? Ол ақшаға алынған тамақты балаларының жеуінің, берген ақшасын жұмсауының үкімі қандай болады? Баланың өз ата-анасының берген ақшасының халал-харамдығын біліп-білмеуі үкімді өзгертеді ме? Анық харам екендігін білген жағдайда не істейді? Осы мәселе, тек күйеуі ғана табыс табатын әйел адам үшін қалай болады? Шынар.
|
Әкесінің харам жолмен тапқан табысын баласы пайдаланса күнә ма?
|
Уағалейкум ассәләм! Қадірменді Шынар, Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде: «...Аналарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету әкенің мойнына жүктелген...»[1], - деп бұйырады. Осы аятқа қарағанда, отбасының нәпақасын қамтамасыз ету әкеге міндет. Әйел кісі үйдің отын тұтатып, балаларды бағып-қағумен күні өтетіндіктен, көбіне отағасының қолына қарауға мәжбүр. Дәл сол секілді өзін-өзі қамтамасыз ететін жасқа жетпеген балалары да әкесінің тапқан дүниесімен күнелтеді. Сол себептен, алда-жалда отағасының тапқан табысы адалдан болмай жатса, әйелі мен балаларының одан пайдаланулары күнә емес. Күнә - харам табыс әкелген әкеге болмақ. Бұл жайында Ханафи ғалымдары былай деген:
Күйеуінің таза емес табысымен алынған азық-түлікті жеп-ішу, киім-кешекті кию әйел үшін күнә емес. Күнә - (харам табыс соңында жүрген) күйеуіне болмақ[2]
[1] Бақара сүресі, 233-аят.
[2] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар: Китабул Хазр уәл Ибаха, Бәбул Истибра уә ғайриһ. 9/554 бет.