Әйелін тастап ұзақ уақытқа басқа қалаға кетуіне бола ма?
Әйелін тастап ұзақ уақытқа басқа қалаға кетуіне бола ма?
3 ай бұрын 2193

Ассалямуалейкум?! Сұрағым: куйеуі баска калада айлап-жылдап жұмыс жасауына болады ма? Зәру жағдайсыз, басқа қалада туруына щариғатта қарсылық бар ма? Алдын ала рахмет.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әзіреті Омар (р.а.) халифалығы заманында ер адамның алты айдан артық әйелін тастап кетуге болмайтындығын бекіткен еді. Алты айдан көп уақытқа әйелінің мақұлдауымен кетуіне болады, ал егер әйелі қарсы болса оралуы тиіс.

Тіпті Мәлики мәзхабында - күйеуі бір жылдан астам уақытқа кетіп қалса және әйелі зинаға түсіп қоюдан қауіптенсе, әйелі сотқа арыз тастап, некелерін бұзуды талап ете алады. Әйелінің арызы негізінде сот күйеуіне хабар жолдап, оралуы керек мерзімін белгілейді. Егер соттың белгілеген мерзімі ішінде күйеуі оралмаса, сот некелерін бұзады. Бұл - Мәлики мен Ханбали мәзхабтары бойынша. Бір айырмашылығы - Ханбали мәзхабында күйеуі қажылық парызын өтеу, сауда саттық, жұмыс істеу, білім іздеу сияқты маңызды үзірлер себепті ұзақ мерзімге кеткен болса, әйелі сотқа арыздана алмайды, ал Мәлики мәзхабында үзірге қарамастан, күйеуінің кеткеніне бір жылдан асса және оралмай жүрсе, әйелі қазыға некелерін бұзуға арыз тастай алады. Әрине, мұның бәрі әйелінің мақұлдауынсыз, ризалығынсыз кеткенге қатысты. Ал әйелі күйеуінің ұзақ мерзімге сапарлап кетуіне разылық танытып, рұқсат берсе, ол басқа1.

Біздің мәзхабта қалай десеңіз? Біздің мәзхабта, әйелінің рұқсатынсыз оны тастап, ұзақ мерзімге кету - белгілі деңгейде күнә, бірақ әйелі қазыға некесін бұзуды талап ете алмайды, бастысы өзі оралғанға дейін бала-шағасына жетерліктей нәпақа тастап кеткен болуы тиіс.

Тоқ етерін айтқанда, отағасы өзінің әйелінің ризалығынсыз ұзақ мерзімге оны тастап кетуі құпталмайды, алайда әйелі разылық танытса, ол басқа.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  «әл-Мәусуъатуль Куайтия».

Абдусамат Қасым